Оралдық оқушылар бау-бақша өсіруді меңгеріп жүр
Оралдық оқушылар бау-бақша, көкөніс өсірудің қыр-сырын меңгеруде.
Күні бүгін 4 білім ордасының жанында жылыжай ашылыпты. Жас ботаниктер осы арқылы табиғатты терең танып біледі, түрлі зерттеулер жүргізеді.
Көшеде қандай аяз бен боран соғып тұрса да поликарбонаттан тұрғызылған мына жылыжайдың іші әркез жылы. Жап-жасыл боп жайқалған әрбір түпті 8-сынып оқушылары өздері үлкен қызығушылықпен суарып, күтіп баптайды. Топырақ қопсыту, арамшөпті жұлу да балалардың міндеті. Жуырда оқушылар сәндік гүлдерді өз қолдарымен егіпті. Енді осында әр келген сайын өскіндерді көрмекке асығады. Максим Таймиров тіпті осы тақырыпты терең зерттеп, реферат жазғысы келеді.
Максим Таймиров, №16 мектептің 8-сынып оқушысы:
- Мен өсімдіктің бұтасын бөліп алып көбейтуді үйрендім. Мәселен, мына қолымдағы қытай раушанын солай өсірдім. Ал мынау ата-аналарымыз біздің жылыжайға сыйға тартқан зімбір, мынау қазтамақ деп аталатын өсімдік.
Биология сабақтарының басым бөлігі жылыжайда өтеді. Сонда теория мен тәжірибе қабысып, балалар тақырыпты тез түсінеді дейді оқытушылар.
Анна Дудина, №16 мектептің биология пәнінің мұғалімі:
- Жылыжайда сабақ басқаша атмосферада өтеді. Мұнда олар өсімдікті қазып алады, отырғызады, түбін қопсытады. Өздерінің ісінен ләззат алады. Басым бөлігі көп қабатты үйлерде тұратын, төрт қабырғаның ортасында өскен балалар ғой, өз еңбектерін мақтан тұтады.
№16 мектепке қарасты дәл осы жерде ертеректе түрлі керек-жарақты сақтайтын көне қойма болыпты. Демеушілердің арқасында ғимарат сүріліп, орыны тазаланып, жылыжай бой көтеріпті. Биыл жылыжайға күн батареялары орнатылып, суару жүйесі жетілдірілмек. Жалпы қазір қаладағы 4 мектепте жылыжай болса, биыл №21 мектепте де жылыжай салынбақ.
Ақжарқын Темірханова, қалалық білім беру бөлімінің басшысы:
- Қазір қаланың мектептері жан басына қаржыландыру. Мұнда мектеп өздерінің қамқоршылық кеңестерімен бірлесе отырып шешеді. Толық 1000-2000 балалық мектептерде 20-40 млн теңге мектептерді дамытуға бағытталған. Өздерінің статьясы бар. Одан мектеп құрал-жабдық ала ма, жылыжай пайдалануға болады, учаскелер ашуға болады, бұл бағытта осы жұмыстарды жүргіземіз.
Білім беру бөлімі басшылығының айтуынша, экологиялық бағыттағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Бүгінде 14 білім ордасы экологиялық жобаға тартылған. Халықаралық экспериментальды алма бағының негізін қалаушы белгілі бағбан Қайрат Кәрімовпен келісім жасалып, мектеп аулаларында жергілікті ауа райына төзімді алма сұрыптары өсірілуде.
Е.Жылқайдарұлы, Ербол Мендыгалиев, Болат Жарылгасов