Жас ғалым мұнай-газ өнеркәсібіне арналған сорғы қондырғыны жасап шықты

Қазақстандық жас ғалым Аяулым Рахматулина мұнай-газ өнеркәсібіне арналған сорғы қондырғының жаңа конструкциясын зерттеп, тәжірибелік нұсқасын жасап шықты, деп хабарлайды 24KZ.

Тыңғылықты механикалық есептеулер негізінде жасалған жоба металл мен электр энергиясын үнемдейді. Аяулым Рахматулинаның ғылым жолына келуі де қызық.

«Мұнай-газ өнеркәсібіндегі қазіргі қолданыстағы сорғы қондырғылардың кемшілігі көп», - дейді жас ғалым. Құрылымдағы артық металдар механизмді қиындатып, электр энергиясын шығындайды.

Ұжым, жас ғалымдардың конкурстық жобасына «тербелетін станок» жасаудың жаңа үлгісін ұсынып, грант жеңіп алады. Аяулым Рахматулина жетекшілік еткен ғылыми жобаның нәтижелері қазір институттың тәжірибелік-өндірістік базасында тұр.

Аяулым Рахматуллина, Ө.Жолдасбеков атындағы механика және машинатану институтының ғылыми қызметкері:

- Біздегі 3 «станок качалканың» айырмашылығы. Басындағы қазіргі дәстүрлі «станок качалкалардың», «руковой головка» дейді ғой, соны алып тастадық. Біздің механизмнің ерекшелігі – ол өзі механизм. «Противовестің» қызметін атқарады. Сондықтан «металлоемкость» азайды. Сол «металлоемкость» азайғаннан кейін электр энергиясы үнемделді.

«Екі жыл тер төккен ғылыми жобаның жарыққа шығуы – Аяулым Рахматулинаның арқасы», - дейді әріптестері. Бағдарламалық есептеу, схемаларын қағазға түсіру – Аяулымның еңбегі. Жаңалыққа жаны құмар жас ғалым бала кезінен зерттеушілікті армандапты. Анасы өнерге баулып, домбыра үйірмесіне берсе де, қос ішекті тартуды үйрене алмаған. «Есесіне үйдегі бұзылған құрылғыларды жөндеуге қызығатынмын», - дейді ол.

Дәурен Смағұлов, Ө.Жолдасбеков атындағы механика және машинатану институтының инженер-конструкторы:

- Жобаның жетекшісі. Ол кісінің енді еңбегі өте көп. Теорияны практикаға ауыстырған кезде қиындықтар болды. Өйткені қағазда сызу басқа, жасаудың барысы мүлдем басқа болып шығады. Өзгеше технологияларды ойластыруға тура келді.

Ертеректе, ғылым жолы нәзік жандыларға қол емес деген пікір айтылатын. Қыз-келіншектердің отбасындағы мол міндетін меңзесе керек. Алайда қазір ғылым саласында табанды еңбек етіп жүрген әйелдер көп. «Зерттеумен айналысамын дегендерге де жол ашық», - дейді жас ғалым. Аяулымның жолдасы да ғылым саласында. Екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Айтпақшы, Аяулым көктемде АҚШ-тың Иллинойс университетіне тағылымдамадан өтуге барады.

Аяулым Рахматуллина, Ө.Жолдасбеков атындағы механика және машинатану институтының ғылыми қызметкері:

- Соңғы кезде осы жас ғалымдарға, ғылымға осы өте жақсы ден қойылды. Бұрын бізде тек теория жүзінде қалып қалатын, қазір бүкіл жобаның тәжірибелік үлгісін жасап, тексеріп, әрі қарай жұмыстар жасап жатырмыз. Үкімет жағынан өте жақсы қолдау көрсетіліп отыр. Бұрын тек теория жүзінде жасайтынбыз ғой, фундаментальды болатын көбі. Қазір қолданбалы жағына көп ауыстық.

Аяулым Рахматулинаның командасы қазір бие, түйе сүтін кептіру технологиясы бойынша еңбек етіп жатыр. Ал мұнай-газ өнеркәсібіне арналған 3 сорғы қондырғысына патент алып, қаржыландыруды күтіп отыр. Демек бірегей станокты өндірісте сынақтан өткізетін күн де алыс емес.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев.