Ұлытау облысында кадет сыныбы ашылды
Ұлытау облысында тұңғыш рет кадет сыныбы ашылды, деп хабарлайды 24KZ.
Болашақ құтқарушылар мен әскерилерді оқытатын сынып Сәтбаев қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы гимназияда құрылды. Оқушылар түске дейін міндетті пәндерді оқыса, түстен кейін әскери дайындық, спорт секілді үйірмелерге қатысады.
Кадет сыныбына болашақта өмірін әскери қызметпен байланыстырғысы келетін 25 оқушы таңдап алынды. Олар білім сапасы мен физикалық дайындықтары бойынша арнайы сынақтан соң қабылданды. Себебі бұл сыныптың оқу бағдарламасы қатардағы сыныптарға қарағанда күрделі. Аптасына 3 мәрте жүзу бассейніне барады. Саптық жаттығу мен автоматты бұзып-жинау бойынша қосымша пәндерге қатысады.
Бексұлтан Жарылқасын, оқушы:
- ҚР Қарулы Күштерінің тарихы, әскери өнер, әдеп сабағы, суда жүзу және хореография сабақтары бар бізде қосымша. Мен өзім өскенде мамандығымды әскери іспен қосқым келеді. Мысалы, әскери медицинаға барғым келеді.
Кадет сыныбы ата-аналардың ұсынысына орай ашылды. Әскери сыныпқа алғашқылардың бірі болып баласын жетелеп келген Азамат Досанов: «кадет сыныбының жастар тәрбиесіне берері көп», - дейді. 20 жылдан астам уақыт әскери қызметте болған ол ұлының да елге қызмет еткенін қалайды.
Азамат Досанов, Сәтбаев қаласының тұрғыны:
- Бұлардың дайындықтары ерекше. Оның ішінде тек қана балалардың сабағына қарамайды, тәрбие жағынан, спорт жағынан және баланы рухани жағынан дамытуға жұмыс істейді. Қазір көзім жетіп жатыр, жарты жылдан кейін балам өзгерді, өзіне сенімділік пайда болды.
Кадет сыныбында теориядан бөлек, тәжірибелік сабақтар да жиі өткізіледі. Алғашқы медициналық көмек, төтенше жағдайларда әрекет ету жолдары секілді күнделікті өмірде қажет жаттығуларды меңгереді. Ол үшін өрт сөндірушілер мен тәртіп сақшыларының қатысуымен сабақтар ұйымдастырылады.
Дана Жақыпова, мектеп-гимназия директоры:
- Алдағы уақытта кадет сыныбын таңы да көбейтеміз деп айтып жатырмыз ғой. Сондықтан қазірден бастап ата-аналар келіп қай уақытта тестілеу, қай уақытта физикалық дайындық бойынша жаттығуларды қабылдайсыздар деп сұрап жатыр. Ата-аналар тарапынан өте көп қолдау көрсетіліп жатыр.
Мектеп ұжымы қазірдің өзінде еліміздегі жоғары әскери оқу орындарымен әріптестік орната бастады. Сол әріптестік аясында кадет сыныбының түлектері болашақ мамандығын таңдай алады. Бұдан бөлек, оқу ордасы келер жылы мамандандырылған медицина сыныбын ашуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдаулет Аманкешов, Гүлшахира Серекбаева.