Дарынды ұлға - жол даңғыл
Қазақстандық оқушыға әлемнің сегіз университетінен шақырту келіп түсті.
Алексей Ким - Шымкент қаласының тумасы. 17 жастағы жеткіншек халықаралық және республикалық білім байқауларының жеңімпазы.
Сабақтан бос уақытында спортпен және волонтерлік іспен шұғылданады. Соңғы кезде ол ақыл-есі кенже дамыған балаларға ағылшын тілін үйретуді қолға алған.
Алексей Ким өз болашағын ІТ саласымен байланыстырады. Жаңа технологияларды меңгеріп, ғылыми жаңалық ашуды армандайды. Болашағынан зор үміт күттіретін жеткіншек әлемнің жетекші жоғары оқу орындарынан шақырту алып отыр. Тізімде Канада, Америка Құрама Штаттары және Еуропа университеттері бар.
Алексей Ким, оқушы:
- 11 сыныпқа көшкен кезде Американың Нью-Йорк қаласына оқуға түсуді армандай бастадым. Ол қалада тұру көптеген адамның мұраты емес пе, олардың қатарында мен де бармын. Құжаттарымды ол жаққа да жіберіп қойдым. Маған грантқа түсуіме мүмкіндік беріліп отыр. Қуанышымда шек жоқ.
Алексей дүниежүзінен шақырту алуын сабақты озат оқуы әрі еріктілер жұмысында белсенділік танытуымен байланыстырады. Ұстаздары болса, дарынды оқушының шет тіліне қызығушылық танытуы ерте жастан басталғанын айтады.
Елена Павленко, оқытушы:
- Алексей сабақта алғыр оқушының бірі. Өз ісіне өте жауапкершілікпен қарайды. Мектепішілік шараларға белсенді қатысатынын көріп жүрмін. Қалалық, республикалық білім байқауында бірнеше рет топ жарды. Оқуда озат оқушым ағылшын тілінен олимпиада жеңімпазы.
Алексей Ким оқитын №8 мамандандырылған гимназиядан талай талантты ұл-қыз түлеп ұшқан. Білім ұясының түлектеріне шетелден шақырту келуі бірінші рет емес.
Татьяна Харченко, гимназия директорының орынбасары:
- Талантты оқушылар қатары жыл санап көбейіп келеді. Балалардың білім сайыстарына қатысуға ынтасы зор. Әрқайсы өз жобасын көпшілікке таныстырып, қоғамға пайдалы жұмыс жасауды мақсат етуі бізді қуантады.
Алексей Америкада оқуды аяқтаған соң, елге оралуды жоспарлап отыр. Өзі бала кезінен ұнатқан ІТ салада жаңалық ашуды мақсат қойған. Ол туған қалада 6 білім беру мекемесі дарынды балаларды оқытады. Соңғы жылдары 6200-ге жуық оқушы мектепті үздік бітірсе, жаһан мемлекеттерінен 5 түлекке шақырту келген. Барлығы да грантқа түсе алады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Катерина Попкова, Самат Нағашыбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов