Қазақстандағы алаяқтықтың жартысына жуығы интернет арқылы жасалады
Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері 17 мыңнан астам интернет алаяқтық қылмысы тіркелген, деп хабарлайды 24kz.
Айлакерлер адамдардың сеніміне кіріп, несие рәсімдеуді тоқтатар емес. Мәселен жақында қалалық автобустарда шексіз тегін жүруге арналған карталарды бар болғаны мың теңгеге сатамыз деген күмәнді жарнама шықты. Мұндай алаяқтардан өзімізді қалай қорғай аламыз?
Интернет алаяқтарға тұсау болмай тұр. Айлакерлер алдап-арбаудың сан түрін тауып, күн сайын әккілене түсткен. Мәселен жақында қалалық автобустарда шексіз тегін жүруге арналған карталарды бар болғаны мың теңгеге сатамыз деген жарнама шықты. Әлеуметтік желі қолданушыларының біразы сатып алмақ болып, ақшасын интернеттің ар жағындағы белгісіз жанға аударып жіберген. Артынан ақша да, карта да жоқ. Алаяққа алданғанын кеш ұққандар ақшасын қайтара алмай дал.
Блиц 1:
- Бұл алаяқтар неге әлі күнге қолға түспейді? Қашанғы қарапайым адамдардың қалтасын қағады? Бар-жоғы 1070 теңге тұрады деген соң сеніп қалдық.
Блиц 2:
- Әуелі арнайы сілтеме жібереді. Оны басып бәрін растауды өтінеді. Содан кейін төлем жасауды ұсынады.
Блиц 3:
- Мен сілтемеге өтіп, Каспий деректерін енгіздім. Не істеу керек? Енді маған ақшаны кім қайтарады?
Көлік компаниясы бұл жарнаманың жалған екенін мәлімдеді. Яғни, автобустарда шексіз жүруге арналған карталар ешқашан болмаған. Алайда құқық қорғау органдарына жүгінген жоқ. Жолаушыларға тек ресми деректерге сенуді ескертеді.
Орынбасар Төрешұлы, «City Transportation Systems» ЖШС басқарушы директоры:
- Бұл жалған ақпарат. Біздің ресми хабарландыруларымыз тек біздің СТС және қала әкімдігінің ресми сайттарында жарияланады. Немесе 109 бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, толық ақпарат алуға болады. Тұрғындарға алаяқтардың арбауына түспес үшін алдымен ақпараттың анықтығына көз жеткізу қажет.
Статистикалық деректерге сүйенсек, елдегі алаяқтықтың жартысынан көбі желіде жасалады. Жыл басынан бері 17 мыңға жуық қылмыс тіркелген. Киберқауіпсіздік мамандарының айтуынша, алаяқтар, жалған электрондық хаттар, сайттарға сілтемелерді жіберу, банк карталарынан деректерді ұрлауға арналған банкоматтарға арнайы құрылғылар орнату сынды тәсілдерді жиі қолданады.
Евгений Питолин, IT, Киберқауіпсіздік және маркетинг бойынша тәуелсіз сарапшы:
- Шабуылдаушылардың техникасы, әдістері мен аңыздары барған сайын күрделене түседі. Кейде тіпті тәжірибелі қолданушы да қармаққа түсіп қалуы мүмкін. Сондықтан желіде сергек болу маңызды. Тым жомарт хабарламаларға сын көзбен қараңыз.
Иә, күмәнді хабарламалардағы сілтемелерді ашпаған жөн. ІТ мамандар қызмет көрсететін қосымшаларға екі факторлы аутентификацияны қолдану қажеттігін айтады. Ал, банк пен құқық қорғау органдарының атын жамылған хабарламаларға тіптен сенбеген абзал. Себебі олар банктік мәліметтер мен құпия кодтарды сұрамайтынын айтады.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Гүлнар Ерманова, Ербол Дайыров