«QazaqGaz» басшысы апаттық-диспетчерлік қызмет жұмысын тексерді

Жыл басынан бері газ құбырындағы ақауларға қатысты тұрғындардан 46 мыңнан астам арыз-шағым түскен. Ел бойынша 14 апаттық-диспетчерлік орталық халықты көгілдір отынмен қамтамасыз етуі тиіс. Ондағы мамандар шұғыл шақыруларға жедел жетіп, тұтынушыларға тәулік бойы көмек береді. Астанадағы апаттық-диспетчерлік қызметтің жұмысын «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жаркешов тексеріп, орталықтың жедел әрекет ету жүйесімен танысты.

Бүгінде Астанада көгілдір отынға қосылған 11 мыңға жуық үй бар. Апаттық-диспетчерлік қызмет мамандары тұтынушыларға газдың үздіксіз жетуін және қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жаркешов мекеменің жұмысы мен техникалық жарақтандырылуын тексеріп, мамандардың кәсібилігіне жоғары баға берді.

Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Біздің слесарьлар, операторлар көптеген адам өмірін сақтап қалды. Еліміз бойынша тұтыну көлемі артып жатыр, абоненттер көбейіп жатыр. Сондықтан біздің басты мақсат – газды үздіксіз қамтамасыз ету және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Апаттық-диспетчерлік қызметінің жұмысы да қарқынды өсіп жатыр. Оған жабдықтар, көліктер, техника беріп жатырмыз.

Газ мамандары кез келген жағдайға сақадай сай болуы шарт. Оқиға орнына жедел жетуден бөлек, қажет кезде газ маманы адамға алғашқы медициналық көмекті де көрсете алады.

Талғат Сидақов, «QazaqGaz Aimaq» апаттық-диспетчерлік қызметінің маманы:

- Сарыарқа, Оңтүстік-Шығыс аудандарынан көп өтінім түседі. Машинка көп болса да, 20-25 минутта жетеміз. Негізі біздің талап бойынша 40 минутта жету керек, өзіміздің мына газды тез анықтайтын құралдарымыз бар, сосын машиналарымыздың бәрі жаңа.

Санжар Жаркешов, табиғи газды тұтынып отырған жергілікті кәсіпорын жұмысымен де танысты. Көгілдір отынға қосылғанының арқасында мұнда шығарылатын өнім бағасы арзандап, бәсекелестік қабілеті артқан.

Авторлары: Қуандық Танабас, Нұрғали Мамырбаев.