...сонда мектеп білім бермей ме?

Елде қосымша білім беру ұйымдары мен сауықтыру лагерьлерін көбейту қажеттігі туындап тұр.

Оның үстіне салада маман да жоқтың қасы. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, биыл бірқатар жаңа нысан бой көтереді. Шығармашылық үйірмелері және спорт секцияларымен 3 миллионнан астам бала қамтылуы тиіс.

Азамат үш жылдан бері робототехника үйірмесіне барып жүр. Осы аралықта 3D үлгіде жобалау мен құлтемір құрастыруды меңгеріп үлгерді. Командаластарымен бірге талай жарыста топ жарған.

Азамат Нәби, робототехника үйірмесіне қатысушы:

- Өзіміздің роботты ойлап таптық. Бұл робот осы стенкаларға пиксельдерді қоймай алысады. Одан кейін самолетик жіберу, қиын тапсырмаларды орындайды. Одан басқа тағы өзін-өзі көтере алады. Тағы басқа функциялары бар.

Қазір елде 1700-ден астам қосымша білім беру ұйымы бар. Оның 27-сі оқушылар сарайында. Барлық ұйымды қоса алғанда, 40 мың шығармашылық үйірме мен спорт секциясы жұмыс істеп тұр. Мұндай қосымша біліммен оқушылардың 81 проценті қамтылған.

Мақпал Қашқынбекова, әл-Фараби атындағы оқушылар сарайы директорының орынбасары:

- Оқушылар сарайы бізде қаланың орталығында орналасса, шет жақтағы балаларды да қамту біздің жоспарымызда болды. Ол жерлерден де біз филиалдар мен комьюнити орталықтар аштық. Мысалы, қазір мектептің жанындағы комьюнити орталық бізде алтау және 2 филиалымыз бар. Соларды қосқан кезде 11 мың бала бар бізде.

Мұндай ұйымдарда 25 мың педагог қызмет атқарады. Оның 9 мыңы ауылдық жерлерде. Салада тағы 2 мың кадр жетіспейді.

Сонымен қатар қосымша білім беру және сауықтыру нысандарын көбейту міндеті тұр. Бұл мәселелерді 2023-2026 жылдарға арналған кешенді бағдарлама аясында шешу қарастырылған.

Меруерт Медетбекова, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің департамент директоры:

- Төрт жыл ішінде балаларға арналған 50 сауықтыру лагері салынады, яғни пайдалануға берілетін болады. 2024 жылы 4 өңірде 4 балалар сауықтыру орталығын ашу жоспарланса, 7 өңірде 10 қосымша нысан ашылады. Аттестациядан өтудегі қосымша білім беру педагогтарының өзіндік сала бойынша ерекшелігіне қарай дайындалған арнайы аттестациялық сұрақтардан келетіндігін назарларыңызға жеткіземіз.

Биыл бірқатар жаңа ұйымның ашылуы нәтижесінде балалардың қосымша біліммен қамтылу үлесі 86 процентке жетеді. Ал қалған жұмыстар ендігі жылдардың еншісіне қалып отыр.

Еркебұлан Смадияров, Өрден Жарқынұлы, 24.KZ