«Қазақстан халқына»: Қызылорда облысынан 1430 оқушы жазғы лагерьге барады
«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Қызылорда облысынан 1430 оқушы жазғы тынығу лагеріне барады.
«Жаздық жолдама» деп аталатын бұл жоба 5 және 8-ші сыныпта оқитын үздік әрі мектептің қоғамдық өміріне белсенді қатысатын ауыл балаларын ынталандыруға арналған. Қайырымдылық күніне орай Қызылорда қаласы маңындағы бірнеше ауылдың мектебіне осындай сертификат тапсырылды. Мұндай жолдамаға ие болған балалар Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл облысындағы демалыс орындарында екі апта бойы зияткерлік және шығармашылық қырын дамытады. Айта кетейік, биыл сырбойылық оқушылар үшін облыс аумағында 8 тынығу лагері жұмыс істейді.
Асқарбек Есжанов, облыстық білім басқармасының басшысы:
- Лагерьлерде 6615 баланы демалдырамыз деп отырмыз. Одан бөлек 290 мектептің жанында 97 мың бала демалады. Оныншы сыныптың оқушылары «Жасыл ел» жобасына қатысатын болады. Яғни 96 пайызға демалысты ұйымдастыратын боламыз.