Астанада жасанды интеллект орталығы құрылады
Астана ХАБ жанынан жасанды интеллект орталығы құрылады.
Ол әлемнің озық тәжірибелері қолданылатын негізгі алаңға айналмақ. Бұл жайында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин Мәжіліс қабырғасында өткен отырыста мәлімдеді. Елде осы жасанды интеллект саласында жыл сайын мың кәсіби білікті маман даярлап, 100 стартапты іске қосу жоспары бар. Ал 2026 жылға қарай экспорттық табыс көлемін 1 млрд долларға жеткізу көзделген. Мүдделі тараптар елде Мәліметтерді өңдеу орталығы жұмысын бастайтынын да жеткізді. Жасанды интеллектіні қолданудың құқықтық реттеу мәселелері арнайы Тұжырымдамаға енгізіліп, оның жай-жапсары төменгі палата жұмысының аясында талқыланды.
Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ақпараттық қауіпсіздік, киберқорғау салаларында жұмыстар жалғасады. Инфрақұрылымды дамыту мәселесі аса маңызды. Кез келген технологияны енгізу үшін тиісті инфрақұрылымды дамыту жөнінде ауқымды жұмыстар атқарылуы керек. Өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін өз еліміздің аумағында инженерлік инфрақұрылымның болуын ойлауға тиіспіз. Бұл тұрақты және халықаралық стандарттарға сай келетін Мәліметтерді өңдеу орталығы және суперкомпьютер. Жасанды интеллект технологияларын дамыту саласына инвестиция салу мәселесі де басым бағытта қаралуы қажет.
Ғиззат Байтұрсынов, ҚР ЦДИАӨМ Электронды өнеркәсіп және цифрлық активтер индустриясын дамыту департаментінің директоры:
- Ол орталық Астана ХАБ базасында құрылатын болады. Бизнес өкілдері бар, ғылым өкілдері бар және де мемлекеттік органдар мен басқа елдегі эксперттер бар, солардың барлығы бірге искуственный интелекті салаларға енгізу бойынша жұмыстар жасайды. Қазіргі уақытта эксперттік кеңес құрып жатырмыз.