NIS HACKATON-2024 байқауы өтті
Алматыдағы химия-биология бағытындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінде» алғаш рет NIS HACKATON-2024 желілік байқауы өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Ел аймақтарындағы 22 зияткерлік мектептен келген 176 оқушы бір тәулік ішінде білім беруге арналған мобильді қосымша әзірлеп, сынға түсті.
Оқушылар ұсынған ІТ жобалар әралуан. Білім беру бағытына негізделгенімен, бағдарламалық шешімдері, пайдаланушыға қосымшаны басқаруға және онымен әртүрлі тапсырмаларды орындауға көмектесетін интерфейстері әртүрлі. Ең бастысы, бағдарламалау тілін барынша түсінікті жасауға тырысқан. Бұл ІТ саласына бет бұрған жасөспірімдер үшін аса қажет, – дейді қатысушылар.
Дархан Бағыт , НЗМ оқушысы:
- Біздің негізгі қаһарманымыз, ол деген көшпенді, оның көмекшісі болады, ол деген жасанды интеллект болып табылады. Ол жасанды интеллект оған кейбір идеяларды береді, қазіргі кездегі тенденцияларды, инновацияларды айтып береді. Бағдарламалау тілін меңгеру ғана емес, жалпы химия, физика, биология, тарих және басқа да ғылымдарды меңгеруге көмек береміз.
HACKATON байқауының басты талабы – мобильді қосымшаны 24 сағатта жасап шығу. Зияткерлік мектеп оқушылары үшін инновациялық технологиялар бөтен емес. Дегенмен уақыт тығыздығы сезілді, – дейді қатысушылар.
Әбзелбек Нұркелді, НЗМ оқушысы:
- 24 сағат ішінде, әрине, толықтай дайын өнім жасау өте қиын. Хакатонның талаптары бойынша біз демо-версиясын ғана ұсынсақ болады. Сыни ойлау және тайм-менеджмент. Иә, сол тапсырманы орындау барысында біздің ойлау қабілетіміз, уақытқа сыйдырып, сол тапсырманы орындау қабілетіміз сыналды.
Байқаудың басты мақсаты – оқушылардың техникалық пәндер мен бағдарламалау саласына қызығушылығын ояту, бағдарламалық өнімді әзірлеу қабілетін дамыту, – дейді ұйымдастырушылар. Бұл байқау алдағы уақытта дәстүрлі түрде өтіп тұрады.
Гүлдана Сәдуақасова, НЗМ дербес білім беру ұйымының департамент директоры:
- Жоғары сынып оқушыларының өткізілетін жұмыстары бойынша олар жасанды интеллектіні қолдануы тиіс. Критерийлері бар. Олар, мысалы, оқыту бағдарламаларын жасауы мүмкін немесе әртүрлі интерактивті онлайн ресурс болуы мүмкін, өздерінің шығармашылық және білім дағдыларына байланысты. Жалпы оларда тақырып – білім беру.
Оқушылардың ұсынған жобаларын жоғары оқу орындарының оқытушылары, ІТ-компания өкілдері сарапқа салды. Сәтті жобаларға мамандар тарапынан қолдау көрсетіледі.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон.