Ерекше қажеттілігі бар 20 мыңнан астам адам тегін курстарды оқыды
Ерекше қажеттілігі бар 20 мыңнан астам қазақстандық Skills Enbek платформасында тегін курстардан өткен.
Олардың дені кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерсе, қалғаны ауыл шаруашылығы бағытында білім алған. Тағы қызмет көрсету саласы мен қаржы және IT технологиялар бағытын таңдағандар да бар.
Гүлмира Шаймағамбетова оңалту орталығында шығармашылық іс-шараларға жауапты. Түрлі әдеби кештер мен мерекелік концерттер өткізеді. Бұған қоса жаңадан келген жандарға көмектесіп, тез үйренісіп кетуіне атсалысады. Гүлмира осыдан жарты жыл бұрын «Жеке көмекші» тегін курсын да өтіп алған екен.
Гүлмира Шаймағамбетова, оңалту орталығының қызметкері:
- Көптеген өзіме қажетті ақпаратты алдым. Өйткені өзім осы орталықта жұмыс жасағандықтан мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасағандықтан маған бұл ақпарат өте қажет болды, маған ол өте көмектесті жұмыс істеуіме.
- Курстың тиімділігі ақысыз болды. Бізге өте жақсы болды.
Дәл осындай курсты осы оңалту орталығының 12 қызметкері де өткен. Барлығы да біліктілігін шыңдап, қорытынды сынақты сәтті тапсырып, сертификаттарын иеленген.
Дарья Есілбай, оңалту орталығының меңгерушісі:
- Бізде штаттың жартысына жуығы мүмкіндігі шектеулі жандар. Олардың тірек-қимыл аппараты бұзылған. Сондықтан да өз қызметкерлеріміз үшін де бұл ақпарат өте маңызды болды. Енді алған білімдері алдағы уақытта әрине жұмыста керек болады.
Жалпы Skills Enbek платформасында ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін 60-тан астам тегін курс қарастырылған. Оған бүгінде 23 мың адам өзінің қызығушылығын танытқан екен. Дені кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерсе, қалғаны ауыл шаруашылығы саласына басымдық берген. Яғни ара шаруашылығы, қаз бен үйрек өсіру сынды бағыттар. Ал құлағында мүкісі бар және тірек-қимыл аппараты бұзылғандар негізінен «Копирайтинг», «Қаржылық сауаттылық», «Дизайн» секілді тақырыптарды таңдаған екен.
Венера Бидахметова, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы онлайн оқытуды дамыту департаментінің басқарма басшысы:
- Курстарда субтитрлар көрсетілген. Есту қабілеті нашар азаматтарға сол курстардағы мәліметті игеру оңай болу үшін субтитрлар қарастырылған. Көбінесе олар тамақтану бағыты бойынша курстардан өтеді.
Мамандардың айтуынша, бұл курстарға деген қызығушылық бүгінде жоғары. 2021 жылдан бері 300 мыңнан астам қазақстандық тегін білім алып үлгірген екен.
Риат Шони, Нұрғали Мамырбаев