Мұғалімдерді жұмысқа қабылдау автоматтандырылды
1 сәуірден бастап мұғалімдер жұмысқа жаңа жүйе бойынша қабылдана бастады, деп хабарлайды 24KZ.
Ұлттық білім беру деректер қорында арнайы модуль іске қосылды. Онда конкурстық рәсімдер ашық өтіп, жемқорлық әрекеттерге жол берілмейді. Автоматтандырылған жүйенің артықшылықтары қандай?
Ертеңгі бәсекеге қабілетті мамандарға жол ашып, бағыт-бағдар беретін ұлағатты ұстаздар. Заманауи мектеп мұғалімдері үнемі уақыт талабымен үндесе отырып, сенімді нық қадам басуы қажет. Сондықтан шәкірт тәрбиелеп, ел келешегін қалаймын деген педагогтің жұмысқа орналасуында кедергі болмаған жөн. Бұл бағытта нәтиже бар. Енді мұғалімдерді мектепке қабылдау жүйесі автоматтандырылды.
Гүлжанат Абдраманова, Қ. Мұхамедханов атындағы №90 гимназияның директоры:
- Өткен апталарда бізде осы педагогтерді жұмысқа қабылдау платформасы бойынша түсіндірме жасалды. Қалай болады, қалай қабылдайды деген. Біздің жұмысымызда қағаз жазу бар ғой, хаттама толтырамыз, әрбір педагогті тіркейміз қағаз жүзінде, соның барлығы электронды түрде сақталып тұратын болады, бір тиімділігі осы жағынан. Жұмысқа қабылдау ол жыл бойы процесте жүре береді, өйткені мектепте бос орын болған жағдайда міндетті түрде конкурс жарияланады.
Жаңа модуль бұған дейін Шымкент және Шахтинск мектептерінде сынақтан өткізілді. Жүйені әрі қарай оңтайландыру жоспарланған. Қазірде 500 педагог жұмысқа жаңа тәртіппен қабылданып үлгерді. Қазірдің өзінде 200-ден астам мектеп 2000-ға жуық бос орынға байқау жариялап отыр.
Майра Маралбаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі цифрландыру департаменті директорының міндетін атқарушы:
- Сонымен қатар педагогтердің мәліметтерін жинақтау мақсатында «Педагог портфолиосы» модулі әзірленді. Бұл модульде педагогтердің барлық мәліметтері жинақталады. Ол педагогтің білімі, денсаулыққа қатысты мәліметтері, жұмыс тәжірибесі, құқықбұзушылықтар, аттестаттаудан өту, марапаттары және тәлімгерлік пен цифрлық құжаттар туралы электрондық ақпарат сақталады. Бұл модуль педагогтерді аттестаттаудан өткізу кезінде пайдаланылады. Яғни, педагогтер аттестаттаудан өткен кезде құжаттарды қағаз түрінде жинамайды.
Сондай-ақ кейінгі жылдары мектептерде жаңа мамандық енгізілгені белгілі. Ол – ерекше қажеттілігі бар балармен жұмыс істейтін педагог-ассистент. Бүгінде олардың саны 2 600-ден асты. Былтыр 800-ге жуық маман осы бағытта біліктілігін арттырды.
Лаура Бутабаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры:
- Біз білеміз, кез келген педагогикалық мамандығы бар тұлға педагог-ассистент болғанымен де, ол ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға жеке сүйемелдеуді жүзеге асыратын болғандықтан, оған арнайы құзыреттіліктер керек. Біз оны жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар біз қазіргі таңда педагог-ассистенттерді колледждің базасында даярлау бойынша да жұмыстарды жүргізіп жатырмыз.
Бұл да – кейінгі жылдары орта білім саласында жүзеге асырылған маңызды жаңашылдықтың бірі. Нәтижесінде әр мектеп инклюзивтілік қағидаларына сай білім беріп, әрбір бала оқу үрдісіндегі кедергілерді еңсеруде көмек алады.
Рухани Асқар, тілші:
- Мұғалімдерді жұмысқа қабылдаудың жаңа тәсілі – ең алдымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктерінің бірі. Қағазбастылық та азаяды. Білім ошағындағы бос орынға байқау ашық өтеді. Есептілік болады. Кез келген мектепте бәсекеге қабілетті, білікті маман тәлім берсе, білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеуге даңғыл жол ашылады.