Төтенше жағдай болса да, оқушылар сабағын үзген жоқ
Арқалық қаласындағы Екідің және Қызыл жұлдыз ауылдарынан эвакуацияланған 70-ке жуық бала сабағын үзген жоқ.
Олардың біразы демалыс орындарында, енді біразы қаладағы мектепте білім алып жатыр. Бәрі қажетті киім-кешек, оқу құралдарымен қамтамасыз етілген.
Төтенше жағдай жарияланған өңірдегі балалардың сабағы жайлы тілшіміз әңгімелейді.
5-сынып оқушысы Жасмин Ғалымжан үшін төртінші тоқсанды басқа мектепті оқу күтпеген жәйт екені анық. Қызыл жұлдыз ауылындағы алаңсыз өмірін кенеттен келген топан су бір сәтте бұзды. Бірақ Жасминге жаңа орта бір жағынан жаққандай.
Жасмин Ғалымжан, оқушы:
- Қызыл жұлдыз балаларымен достасып алдық. Кітап, дәптер барлығы берілді.
– Қайда оқыған келеді, осында ма, әлде ауыл мектебінде ме?
- Осында.
Су шайып кеткен Қызыл жұлдыз елді мекенінің тоғыз жылдық мектебі қазір жарамсыз күйде. Оны қалпына келтіру мүмкін емес. Білім ордасының ұжымы толық құрамда Арқалықтағы №5-ші мектепте жұмыс істеп жатыр.
Советхан Әміржан, Қызыл жұлдыз негізгі орта мектебі оқу ісінің меңгерушісі:
- Мұғалімдер туыс-туғандарының үйінде тұрып жатыр. Жатақханалардағы мектеп оқушыларын қалалық білім бөлімінен автобус бөлініп, мектепке алып келеді. Сосын тараған кезде кейін жеткізеді.
Арқалықтағы 5-мектеп басшылығының айтуынша, оқу жылы ортасында бала, ұстаздар санының ұлғаюы білім беру үрдісіне еш әсер еткен жоқ.
Мәди Баишев, Арқалық қаласының №5 мектеп директоры:
- Мектебіміз өзі 450 балаға есептелген. Бірақ қазір бірінші ауысымда оқып жатқан жағдай болғандықтан оқушылар екінші ауысымда толығымен қамтылды. Онымен қоса педагогтары және қызметкерлері толықтай біздің мектепте қызмет істеп жатыр.
Исламбек Жеңісұлы, Арқалық қалалық білім бөлімінің басшысы:
- Ешкім жұмыссыз қалған жоқ. Түгел жұмыспен қамтыдық. Бұл ойламаған апат болғаннан кейін балаларымыздың көпшілігінің оқу құралының бәрі суға кетті. Кітап жетіспей қалды. Сол кезде балаларға осы мектеп қабырғасынан және өзіміздің кітапханадан, оқу қорынан қалған кітаптардың барлығын да оқушыларға бердік.
Арқалықта су басқан елді мекендерден 37 бала Алматы және Павлодар облыстарының демалыс орындарына аттанды. Ол жақта да сабақтары үзілмейді.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг, 24.KZ, Қостанай облысы