Қазақстан студенттері халықаралық сот жарысына қатысты
АҚШ астанасы Вашингтонда әлем бойынша ең ірі Jessup сот жарысы өтті.
Оған 150 елден келген заң мектептерінен 700-дей топ қатысты. 60 жылдан бері өткізіліп жатқан сайыста Қазақстандық екі жоғарғы оқу орнының студенттері топ жарды. Бұл жарысқа қатысушы әр команда өз елдерінде іріктеу сайысынан жеңіп шыққан.
Филип Джессап атындағы халықаралық құқық сайысы болашақ заңгерлерге арналған.
Байқау шарты бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының сот органы саналатын Халықаралық Сотта ойдан шығарылған елдер арасындағы даулар шешілуі тиіс. Командалар іс бойынша арыз берушінің де, жауапкердің де ұстанымдарын дәлелдейтін ауызша және жазбаша мәлімдемелер дайындайды.
Оған халықаралық дәрежедегі заңгерлер қазылық етті. Дәл осындай оқу-жаттығу жарысы алғаш рет Гарвард университетінде өткізіліпті.
Талғат Сәрсенбаев, Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің директоры:
- Біздің бір қуанып тұрғанымыз Қазақстаннан келген студенттердің білімі өте жоғары деңгейде екеніне көзіміз жетті. Оның үстіне мықты-мықты командалармен кездестік, олармен деңгейіміз тең болып шықты. Қазақстан үшін студенттердің қатысуы маңызды, өйткені біз білім беру саласын ары қарай дамытуымыз керек.
Қазақстан командалары АҚШ, Италия, Филипин елдерінен келген бәсекелестерімен бақ сынасты. Жарты жыл бұрын дайындықты бастаған студенттеріміз халықаралық құқықтың сан қырлы тарауларына үңіліп, білімдерін арттырды.
Көңілімқос Рахымбек, жарысқа қатысушы:
- Біз жайдан жай халықаралық құқықты оқымаймыз. Біз өзіміздің елімізге бір пайдасын алып келетіндей оқуға, оны алға жүргізуге тырысып жатырмыз. Жалпы халықаралық құқық, яғни осы жарыс, ол тек қана сол біліміңді тексеру емес, ол тек қана соттың алдында өз клиентіңді қорғау емес, ең бастысы ол достық және адам ретінде өсу. Себебі әрқашанда ұта бермейсің, ұтқан әрине жақсы, бірақ ұтылсаң да, ұтсаң да, қасыңдағы достарыңа қарап, жалпы өмірде бір мақсатқа жеттім деген ойға жетесіз.
Студенттер үшін бұл жарыс – құқықтық сараптау, жазу және көпшілік алдында сөйлеу, аргумент келтіру дағдыларын жақсартудың таптырмас мүмкіндігі. 700-ден астам топ арасынан жерлестеріміз 70-орыннан көрінді.
Айжан Сыдықова, 24.KZ, АҚШ