Қазақ тарихы жаңа деректермен толығады
Бұған дейін бізге беймәлім болып келген тарихымыздың жаңа парақтары ашылады.
Отандық ғалымдар еліміздің тарихында алғаш рет Еуропа елдерінің жабық мұрағаттары мен Ватиканның бай кітапханасында сақталған төл тарихымызға қатысты тың деректерді зерттеуге мүмкіндік алды. Бұл туралы Түркістанда өткен «Алтын Орда және оның мұрасы» атты халықаралық конференцияда еліміздің Ғылым және жоғары білім министрі мәлімдеді. Саясат Нұрбектің айтуынша, онда Шығыстану институтының мамандары орта ғасырлардан бастап, Қазақ хандығы дәуірлеп тұрған кезеңдерде Ұлы далаға табаны тиген шетелдік жиһангездер мен миссионерлердің құпия қолжазбаларымен танысып, көшірмесін алады. Жинақталған құнды дүниелер Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп жатқан Қазақстанның 7 томдық жаңа христаматиясына енгізіледі. Жиынға Қазақстан, Қытай, Түркия, Ресей, Египет, Катар, Кувейттің белгілі ғалымдары қатысты. Айта кетейік, шара биыл Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы аясында ұйымдастырылды.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Осы 7 томдық жобаның аясында жаңа зерттеулер, бұрын білінбеген тарихи фактілер осындай конференциялар арқылы жинақталып, ұлттық тарихымызға жаңа көзқарас, жаңа түсінік берілуі тиіс. Екінші жағынан ұлттық тарихымызға біз бұрын білмеген, бейтаныс беттердің ашылу тарапынан да өте маңызды шара.