Қазақстандық оқушылар робототехника жарысында топ жарды
Қазақстандық оқушылар Түркиядан тарихи жеңіспен оралды, деп хабарлайды 24KZ.
Роботехникадан өткен жарыста елімізден барған 35 команданың барлығы жүлделі орын алып, сайыстың финалдық кезеңіне өтті. Халықаралық деңгейде топ жарған жеңімпаздармен арна тілшілері де кездесіп қайтты.
400 команда. Жүздеген қатысушы. Есеп минутқа емес, секундқа жүрген сайыста біздің оқушылар есе жібермей жеңіп шықты. Жылдамдық, ептілік пен жүйелі жұмыс нәтижесінде Антальяда өткен жарыста қазақстандықтардың жасаған роботы топ жарды.
Ниязбек Жұмабек, роботехникадан халықаралық жарыс жеңімпазы:
- Біз Қазақстан намысын Түркияда, халықаралық жарыста қорғадық. Біздің робот бұл жаңа техникамен жасалған. 4 датчикпен. Өткені біз бұрында жай «линияда» жүрдік, қазір бұрылыстарда тезірек жүру үшін, уақытты тиімді қолдану үшін біз 4 датчикті қолданамыз. Біздің уақытымыз біздің категорияда ең жақсы болды. Бізде 16,35 секунд.
Robotex жыл сайын өтетін жарыс. Қатысушлар жас ерекшеліктеріне қарай төртке бөлінеді. Бұл – бастауыш сыныптары, орта буын, жоғары сынып және университет студенттері арасындағы сайыс. Биылғы чемпионатқа Қазақстаннан 35 команда қатысты.
Елжас Айтжан, робототехника пәнінің мұғалімі:
- Бұнда 17 категория бар. Қазақстан соның ішінде 6 категорияға қатысты. Ол сызық бойымен жүру, лабиринттен шығу, Lego сумо 1 келі, Lego сумо 3 келі және тек қыздарға арналған, өрт сөндіруші роботты құрастыру санаты көрсетілген. 6 категория бойынша 35 команда барды. 35-тің 35-і де келесі кезеңге жолдама алды.
Бұл – соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан робототехника саласы үшін тарихи нәтиже. Бұл қазақстандық оқушылардың білімі мен белсенділігін көрсетеді. Ал оқушылар осы жылдың қараша айында Италия астанасы Римде өтетін финалдық жарысқа дайындалады. Онда жүзден жүйрік шыққандар робототехникадан әлем чемпионы атанады.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Асхат Қарақойшиев.