Қазақстан-Грузия сараптама орталықтары серіктестік орнатты

Қазақстан мен Грузияның сараптама орталықтары алғаш рет ынтымақтастық орнатып отыр, деп хабарлайды 24KZ.

Осы ретте Тбилисиге Қазақстан стретегиялық зерттеулер институтының делегациясы 2 күндік сапармен барып қайтты. Тараптар серіктестік әлеуетін, соның ішінде тағылымдамадан өту және тәжірибе алмасу жағын талқылады.

Қазақстан делегациясы гүржі еліне жұмыс сапары барысында Александр Рондели атындағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер қорына барды. Тараптар кездесуде екіжақты серіктестікті орнатудың маңыздылығын атап өтіп, оны дамыту мәселелерін қарастырды.

Алекси Петриашвили, Стратегиялық және халықаралық зерттеулер қорының ғылыми қызметкері:

- Біз аймақтық қауіпсіздік пен халықаралық қарым-қатынас мәселелерін талқыладық. Өңірде «Мидл Коридор» жобасының маңызы зор. Қазір ол қарқынды дамып келеді. Біз сараптама орталығы ретінде ақпарат алмасу арқылы екі елдің билігі үшін маңызды әрі нақты ұсыныстар жасай аламыз.

Бұдан бөлек, екі ел сарапшылары Грузиядағы жетекші жоғары орындарының бірі – Кавказ халықаралық университетінде саясат, жастар тәрбиесі сияқты мәселелерді талқылады. Бұл орынның таңдалуы бекер емес. Университетте қазақстандық студенттер тағылымдамадан өткен. Мұнда биологиялық қауіпсіздікпен айналысатын Теориялық зерттеулер институты орналасқан.

Вахтанг Маисая, Кавказ халықаралық университетінің профессоры:

- Біздің оқу орнымыздың мақсат-міндеттері Қазақстанның ұлттық мүдделерімен үйлеседі. Сондықтан серіктестікті кеңейту екі жаққа да тиімді болмақ.

Екі күндік жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов елдер арасындағы ынтымақтастыққа жүйелі ғылыми әрі сараптамалық көзқарас қажет екенін атап өтті.

Еркін Тұқымов, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры:

- Өзге елдердегідей Грузияда да әлеуметтік, саяси әрі экономикалық өзгерістер жүріп жатқанын байқап отырмын. Мемлекет бізге тек ғылыми жағынан ғана қызық болып отырған жоқ. Кавказ бен Еуропа сауда жолдарын байланыстыратын «Орта дәліз» жобасын одан әрі дамытатын болсақ, өңірде не болып жатқанын жақсы түсінуіміз қажет.

Грузия тарабы да ғылыми саладағы ынтымақтастықты нығайту керектігін айтып отыр. Осы ретте Кавказ халықаралық университеті биыл қыркүйекте елімізде тағылмдаман өту үшін бір топ сарапшыны жіберуге ниетті.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили.