Балаңыз қай тілде былдырлайды?
Қазақ тілін білмейтін кішкентай қаракөздер өсіп келеді. Ата-анасы қазақша сөйлесе де, біраз баланың тілі өзгеге жақын. Өзге тілді тез үйренеді. Себеп не?
Баласының тілі қазақша шықпауы көп ата-ананың уайымына айналғалы да біраз болды.
Иә, қазір қаракөздер қазақшаға келгенде кібіртіктеп қалатыны бар. Ал өзге тілде сөйлесе көсіле жөнеледі.
Көп баланың тілі кеш шығады, ал уақытылы тіл қатқандары қазақшаға шорқақ. Бұл көп отбасының басындағы жағдай. Біріншіден, бүлдіршіннің уақытылы сөйлемеуі сезімді шектеп, коммуникацияны кенжелететін гаджеттерден. Ал қазақшаны қатыра алмауы қалтафондағы контенттің дені өзге тілдерде болуы. Мамандар осылай дейді.
Оразкүл Асанғазы, Мемлекет және қоғам қайраткері:
- Балаларды қазір ешкім телефоннан не болмаса смартфоннан айыра алмайды. Ол қазіргі заманның талабы, сондықтан балаларды жөндейміз десек, балалар көретін мультфильмдерді жөндеу керек. Мысалы Ресейдің үкіметі ана "Маша и медведь" дегенді Голливудта түсірді. Голливудта қалай түсіретінін, бір жыл кететінін білесің. Ал біздегі түсірілетін мультфильмдер онымен бәсекелесе алмайды.
Иә, өзгенікі – таңсық, өзіміздікі – қаңсық. Жарқ-жұрқ еткен түрлі-түсті телетуындылар мен телефондағы өнімдер біздің балаларды еріксіз елітіп барады. Сондықтан ұл-қыздарымыз да сол тілдерде сөйлеп жүр. Оған қауқар көрсететін біздегі қазақша контент кенжелеп тұр.
БЛИЦ:
- Балалардың көріп жатқан мультфильмдері шетелдікі. Олар соған қызығады. Анимация, технологиясы ерекше.
- Немерелерім бар, барлығы орысша сөйлейді. Себебі қазақ тіліндегі мультфильмге қызықпайды.
- Көбінесе шетелдік мутьфильмдерді көреді. Орысшаны телефоннан үйреніп алды ғой, былай қарасаң. Ешкім үйреткен жоқ, ағылшынды да.
- 3 немерем бар Алматыда, біреуі сөйлейді қазақша, ал екеуі мүлде сөйлемейді. Себебі? Көретінінің бәрі орысша, басқа тілде.
Балаларға арналған ана тілдегі кітап та тапшы. Болғанымен барлығына бірдей жете бермейді. Оларды насихаттайтын кітапханалар да жоқтың қасы. Мәселен, елде 4 мыңға жуық кітап үйі болса, оның тек 18-і ғана балалар мен жасөспірімдерге арналған. Бұл дегеніңіз жүздің бір пайызына да жетпейді.
Мая Базарбаева, кітапханашы:
- Бала қазір ұзақ мәтінді шығармаларды көп ұната бермейді. Балаларды қызықтыру үшін 3 секунд ғана уақыт кетеді. Кітаптың мұқабасын қараған кезде ол шығарма қызықты ма, қызықты емес пе, ол бірден біледі. Шрифті үлкен, суреті көп, әртүрлі бояулы шығармаларды ұнатады. Бізде ондай шығармалар жоқ емес бар, дегенмен әлі де көп жұмыс істеу керек деп ойлаймын.
Иә, бұл мәселе бұған дейін де айтылды. Тіпті 2021 жылы балалар әдебиеті жылы деп жарияланған-ды. Ертегі жазып, балаларға арнап кітап басатындарды, бүлдіршіндерге бейнеөнім даярлайтындарды қолдауға қамданған еді. Дегенмен түйткіл түйіні тарқамай, балалардың тілі қазақша шықпауы әлі де өзекті болып тұр. Ал жауаптылар балаларға арнап қалам қаузағандарды қолдау жалғаса береді дейді.
Алмаз Мырзахмет, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив құжаттама және кітап ісі комитеті басқармасының басшысы:
- 9 әдебиет бойынша жылда кітап қабылдаймыз және қолжазбаларды сатып аламыз. Соның ішінде балалар әдебиетіне басымдық берілген. Яғни балалар әдебиетінің қаламгерлері өзінің жаңадан жазған шығармаларын министрлікке ұсыну арқылы 16 бетіне 480 мың теңгедей гонорар алатын бюджеттік бағдарлама бар. Сондай-ақ бұрын басылып шыққан кітабын осы бағдарламаға ұсынуға болады. Тек бұл жерде қаламақы төленбейді. Қаражат басып шығаратын баспаға беріледі.
Ал қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы баламен жұмыс істейтін мамандар тапшы екенін, тіліміздің құнары ана сүті мен әке қанынан кейін балабақшада даритынына тоқталды.
Оразкүл Асанғазы, Мемлекет және қоғам қайраткері:
- Балабақшаларда отбасынан орыс тілді болып келген балаларды өзінің ыждағатымен, сабырлығымен үйрететін саусақпен санайтын тәрбиеші бар, Құдайға шүкір, бар. Бірақ сол тәрбиеші кім? Соның аты-жөнін кез келген балабақшаға қарайтын министрлік, кез келген әкімшілік болсын біліп, соның тәжірибесін тарату керек.
Ересектер арасында да ана тілінің ахуалы алаңдатарлық. Олай дейтініміз, ұлттық статистика бюросы жүргізген зерттеуде 100 мыңнан аса қазақ азаматы мемлекеттік тілді меңгермегенін айтқан. Яғни тіпті өзегі өткенінен ажырап, ұлттық тілін ұмытқан деген сөз.
Шернияз Жалғасбекұлы, 24.KZ