NU Өзбекстан университеттерімен ынтымақтастықты кеңейтеді
Қазақстан мен Өзбекстанның жоғары білім саласындағы ынтымақтастығы нығайып келеді.
Қазір екі ел ғалымдары ортақ ғылыми жоба әзірлеу әрі кәсіби бағдар алмасу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Осы мақсатта Астанадағы Назарбаев университетінің оқытушы-профессорлық құрамы Ташкентке барды. Сапар аясында Өзбекстанның бірнеше оқу орнымен әріптестік жөніндегі меморандум бекітілді. Енді гуманитарлық бағытта тың жобалар іске қосылуы мүмкін.
Бұдан бөлек, Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филиалын Ташкентте, ал Өзбекстанның ирригация институтының өкілдігін Алматыда ашу ісі басталып кетті.
Аида Сағынтаева, NU жоғары білім беру мектебінің деканы:
- Біздің жоспарымыз – бүкіл Орталық Азия мемлекеттерімен жұмыс істеу. Өзбекстан жақын болғандықтан, бірінші Ташкенттен бастап отырмыз. Келесі жоспарымыз – Қырғызстан. Бішкек қаласына барып, қырғыз университеттерімен және Тәжікстан университеттерімен байланыс орнатамыз.
Мұхамедазиз Хакимов, Өзбекстанның Жоғары білім, ғылым және инновация министрлігінің бас маманы:
- Қазір Қазақстанда білім алатын өзбекстандық және Өзбекстанда білім алатын қазақстандық студенттердің саны 6 жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есе көп. Бұл дегеніміз арадағы берік ынтымақтастықтың көрінісі. Әрі екі елдің де жоғары біліміне деген сұраныстың артып келе жатқанын айғақтайды.