Орталық Азияда жаңа магистрлік оқу бағдарламасы ашылмақ
2024 жылы 15 мамырда Maqsut Narikbayev University-де Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (ДЗМҰ) ұйымдастырған «National Seminar on Intellectual Property (IP) Education and Skills Development» шеңберінде маңызды іс-шара өтті.
Шара барысында ДЗМҰ, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі және Maqsut Narikbayev University арасында «Интеллектуалдық меншік және бизнес құқығы» бірлескен магистрлік білім беру бағдарламасын іске қосу туралы Меморандумға қол қойылды.
Бұл интеллектуалдық меншік саласындағы магистрлік бағдарламасы Еуразия кеңістігіндегі алғашқы және жалғыз бағдарлама болмақ. Дүниежүзілік интеллектуалдық меншік ұйымының мұндай бірлескен магистрлік бағдарламалары әлемнің 14 елінде ғана ашылған. Атап айтқанда: Аргентина, Болгария, Зимбабве, Италия, Испания, Камерун, Оңтүстік Корея, Қытай, Сингапур, Үндістан, Польша, Сауд Арабиясы, Тунис және Түркияда ашылған.
Меморандумға қол қою рәсімі Maqsut Narikbayev University-де өтті. Аталған құжатқа ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев, ДЗМҰ Бас директоры Дарен Танг және Maqsut Narikbayev University Басқарма Төрағасы Талғат Нәрікбаев қол қойды.
Меморандум нәтижесінде Қазақстанда алғаш рет 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап интеллектуалды меншік және кәсіпкерлік құқық саласындағы жаңа Заң магистрі (LL.M) бағдарламасын оқыту жүзеге асады.
Сондай-ақ шара аясында ДЗМҰ, ҚР Мемлекеттік органдары және Maqsut Narikbayev University өкілдері интеллектуалды меншік саласындағы білім беру және дағдыларды дамытуға арналған бірлескен халықаралық семинар өткізілді.
Айта кету керек, бұл оқиға Қазақстандағы зияткерлік меншікті дамытудың жаңа кезеңі саналып, алдағы уақытта осы саладағы студенттер мен кәсіпқойлар үшін жаңа перспективалар ашады деп көзделуде.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі