ЕҰУ инвесторлармен құны ₸20 млрд-тық жобаларды іске асырады

Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті инвесторлармен 4 ірі жобаны іске асыруға келісті, деп хабарлайды 24KZ.

Олардың құны – 20 млрд теңге. Жоғары оқу орны мен бизнес өкілдері арасында алғаш ұйымдастырылған INVEST MEETUP шарасы аясында осындай меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ университет ғалымдары әзірлеген инновациялық жобалар таныстырылып, оларды іске асыру келешегі пысықталды.

Бұл – жоғары оқу орны мен бизнес өкілдері арасындағы алғашқы екіжақты кездесу. Жиынға кәсіпкерлер, құрылыс, банк және сауда саласынан 100-ге жуық өкіл қатысты. Мақсат – ғылыми әзірлемелерді талқылап, инвестиция жайында шарт жасасу. Келіссөздер өз жемісін беріп жатыр.

Ерлан Сыдықов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры:

- Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тікелей тапсырмасы берілген болатын. Жеке инвесторларды тарту арқылы студенттерге жатақханалар салып беруді шешу. Осыған байланысты жаңа механизмдер ойлап табылды. Осының негізінде біз инвесторларды тарта отырып, бүгін солардың төртеуіменен келіссөзге қол қоймақшымыз. Осылайша, бір күннің ішінде 20 млрд теңгеге жуық қаражат университет игілігіне тартылады.

Шара барысында Университет пен Петропавлдағы Киров атындағы зауыт консорциум құру туралы уағдаласты. Болашақта бірлескен өнімдер шығарылады. Сондай-ақ жеке инвестормен әлеуметтік-мәдени кешен салу жөнінде келісім жасалды. Нысанда тегін медициналық орталық жұмыс істейді.

Борис Чен, медициналық орталықтың басшысы:

- Біз Еуразия ұлттық университетінің студенттеріне арналған толыққанды медициналық орталық салуды жоспарлап отырмыз. Бұл тек емхана емес, стационар да болады. Өзіміз жабдықтап, медициналық қызмет көрсетеміз. Онда компьютерлік томография, магнитті-резонанстық томография, барлығы болады. Жоба 2025 жылға жоспарланған.

Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін ел бойынша 90 мың орындық жатақхана салып, пайдалануға беруді тапсырған болатын. Қазір инвесторлар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында студенттік үйлер салуға қызығушылық танытып отыр.

Арман Халелов, құрылыс компаниясының өкілі:

- Былтырдан бастап біз жаңа бағытты меңгеруге кірістік, бұл – әлеуметтік жобалар. Бірінші нысан елордада, Жұмабаев көшесі 10А мекенжайында орналасқан. Оқу орнына жақын болғаны ыңғайлы. Бір жатақхананың құны шамамен 1,5 млрд теңгені құрайды. Министрліктің тапсырысы бойынша Қаржы орталығымен бірлесе іске асырылып жатыр. Қаржының өтелу мерзімі – 6-7 жыл.

Іске асып жатқан жобаның бірі – 300 орынға арналған жатақхана. Барлық қажетті жабдықпен қамтылып, шілде айында пайдалануға беріледі. Мердігерлер нысан жанында тұрған ескі ғимаратты сүріп, тағы бір студенттер үйін салуға кіріседі. Осылайша, құрылыс үздіксіз жүреді.

Рухани Асқар, тілші:

- Оқу жылының аяғына дейін осындай 3 мың орындық жатақхана салынып, студенттердің игілігіне беріледі. Келер жылы тағы 1 мың орын тапсырылады. Осылайша, университет көп жыл бойы қордаланған өз білім алушыларының жатақхана тапшылығы мәселесін толық шешуді көздеп отыр. Бұл – біз үшін үлкен жетістік, – деп атап өтті жоғары оқу орнының басшысы.

Авторлары: Рухани Асқар, Ақылбек Есемсейіт.