Ғалымдар фермерлерге тиімді әдіс ұсынды
Дегенмен елде 1,5 миллион гектар суармалы жерден жиналатын өнім барлық ауылшаруашылық өнімдерінің 30%-нен аспайды.
«Бұл көрсеткішті арттыру үшін ғылыми жобаларды тәжірибеге енгізу қажет», –дейді отандық ғалымдар. Саладағы түйткілді тақырыптар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіндегі халықаралық конференцияда талқыланды. Оған Болгария, Грузия, Өзбекстан елдерінің профессорлары мен білікті мамандары қатысты. Жиында агроөнеркәсіптік өндіріс пен азық-түлік нарығын дамыту, заманауи технологияларды қолдану, дәнді-дақыл өсірудің ұтымды әдіс-тәсілдері айтылды. Ғалымдар көпжылдық зерттеулердің нәтижелерін көрсетті. Мәселен, еліміздің оңтүстік аймағында жылына екі рет өнім жинауға мүмкіндік бар. Оған ғылыми жолмен шығарылған дәнді-дақылдарды егу арқылы қол жеткізуге болады, – дейді ғалымдар.
Тастанбек Атақұлов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор:
- Тритикалийдің өзін дәнге шейін пісіріп алсақ, шілде айының басында ол піседі екен. Оны жинап ала салып, артынша жүгеріні силосқа ексек, күзге дейін 600 центнерге дейін көкбалауса алуға болатынын дәлелдеп отырмыз. Міне, осындай ұсыныстардың барлығын фермерлерге дайындаса, олар өндіріске енгізсе, жұмыс істесе, біздің аграрлық ғылым да, өнім де – барлығы дами береді.