Соңғы қоңырау жаңа форматта өтеді

Осы аптада сабақ аяқталады.

Биыл 4 млн жуық оқушы сабақты аяқтаса, оның 186 мыңы мектеппен қоштасып, үлкен өмірге араласады.

Енді осы алтын ұя мектебінен үлкен өмірге аттанатын түлектер соңғы қоңырауды қалай өткізбек? Дайындық қалай?

Иә, мамырдың ортасынан бастап мектеп аулаларынан осылай вальс биін дайындап жатқан түлектерді байқаймыз. 11 жыл білім алған ордасымен қоштасатын қайталанбас күнді оқушы да, ата-ана да тағатсыздана күтеді, есте қаларлықтай өткенін қалайды. 

Гүлжан Жапбарова, ата-ана:

- Бүкіл ата-ана, бүкіл оқушының өміріндегі ең бір сәтті, қуанышты күні деп айтамыз. Өзіміздің үлкен ұл-қыздарымыз қалай дайындалды, іс-шараларда биледі, жақсы қырынан көрсетті өздерін, елдің көзінше олардың жетістіктері туралы айтады. Бүкіл қала гүлге оранады.  

Алайда биылғы түлектер «соңғы қоңырау» мерекесін бұрынғыдан өзгерек атап өткені абзал. Ол дискуссия, квест, челлендж немесе хакатон түрінде болуы мүмкін. Таңдау оқушылар мен мектеп ұжымының өз еркінде деген үндеу жариялады Білім министрлігі. 

Наталья Жұмаділдаева, ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі:

- Осы жылы түлектерге соңғы қоңырауды өткізудің жаңа форматын ұсынып отырмыз.Ол барлық оқушыны бір аудиторияға жинап, шынымен де ыстық естеліктерді оятып, түлектерді одан ары жақындастыратын шара болмақ. Мұнда балаларды әдеттегі мерекелік көңіл-күйден айыру деген ой жоқ. 

Мерекеден қағылмайсыңдар, қайта оқушыларды рухани байытатын, тәрбиелік мәні зор дүниелерге бет бұрамыз деген министрлік мақсатын түлектер де түсінгендей болды.

Қажыгелді Тілеубай, оқушы:

- Бүкіл жылдар бойы 11 сыныптар, түлектер өте үлкен іс-шаралар өткізіп, қыдырып, осы мектеп бітіреміз деп жақсы көңіл-күймен жүргенде, сондай болып қалғанына кішкене көңілім түсіп қалды. Бірақ жағдайды түсініп, толықтай қарап, оның дұрыс екенін түсіндім.

Естеріңізге сала кетейік биыл Қазақстанда 3,8 миллион оқушы сабақты аяқтайды. Оның 341 мыңнан астамы 29 мамыр мен 30 маусым аралығында тоғызыншы сыныптан кейінгі аттестациядан өтпек. Ал 11 сыныпты бітіретін түлектер саны 186 мыңнан асты. 

Мөлдір Молдағали, Мадияр Қындыбаев