Қазақстанда теңізші даярлау ісі қарқын алды

Теңіз саласында да мамандар жетіспейді.

Еңбек нарығында су көлігін жүргізуші, кеме жөндеуші және порт қызметкері секілді мамандықтарға сұраныс жоғары. Қазір Ақтаудағы теңіз академиясында кадр даярлау ісі қарқын алған. Виртуалды тренажерлермен жабдықталған оқу орнын биыл 200-ге жуық түлек аяқтайды.

Жас мамандар өз таңдауына қарай теңіз-сауда немесе әскери флотқа бара алады.

Әділжан Қоңай екінші курс студенті. Форт-Шевченко ауылының тумасы теңізшілер отбасында тәрбиеленген. Атасы мен әкесі азаматтық су көлігін жүргізіпті. Алдыңғы буын ізін басқан бозбала болашақ әріптестерімен бірге жыл сайын Ақтау теңіз портында тәжірибеден өтіп жүр. 

Әділжан Қоңай, студент:

- Өткен жылы ғана біз Ақтау портына барған болатынбыз. Практикада көзбен көріп, қолмен ұстап бәрінен өттік. Осы жылы тағы да бармақшымыз. Кемемен 1-2 айға рейске шықпақшымыз. Үлкен танкердің капитаны болуды армандаймын. Соны мақсат қылып қойғанмын. Сол арманыма жету үшін осы теңіз академиясы барлық мүмкіндікті беріп отыр. 

Талғат Исламұлы, тілші:

- Кеме жүргізу зор жауапкершілікті талап етеді. Бұл мамандық иесі кемеге, экипажға және су жолымен алып келе жатқан жүктің қауіпсіздігіне тікелей жауапты. Мен қазір виртуалды машинаның көмегімен осы жұмысты атқарып көрмекпін. Маған жүктелген міндет 400 мың тонна мұнайды шетел портына аман-есен жеткізу.

Теңіз академиясы Ақтауда 2018 жылы ашылды. Бүгінге дейін 50-ден аса кеме жүргізуші, 70-ке жуық кеме жөндейтін шеберді оқытып шығарды. «Еңбек нарығында жүргізілген талдаулар нәтижесінде жас мамандардың 85%-і жұмысқа тұрғаны белгілі болды. Бұған түлектерге дипломмен қоса халықаралық дәрежедегі лицензия берілуі оң әсер етті» - деді оқытушылар.  

Болат Сәрсенбаев, Теңіз академиясының директоры:

- Биылғы аккредиттеуден өттік. Ендігі түлектер басқарушы лауазымдар бойынша да жұмысқа тұра алады. Алдағы уақытта оқу процесіне тағы бірнеше виртуалды тренажер қосуды жоспарладық. Еліміздің азаматтық және әскери флотымен әріптестеік байланыстамыз. 

Асылбек Теңізбаев, ҚР Порттарының теңіз әкімшілігі басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда транспорт және логистика саласы бойынша мамандар өте тапшы. Атап айтсақ капитандар, аға механиктеріміз, аға көмекшілеріміз аз. Осы біздің Маңғыстау өңірінде теңіз саласын дамытуымыз керек. Оны әлемдегі теңіз державасына айналдыруымыз керек болып тұр.

Мамандардың пікірінше, теңіз саласындағы кадр тапшылығы алдағы уақытта күн тәртібінен алынады. Бір қуантарлығы, осы бағытта жоғары білім алуға ынталы жастардың қатары жылдан жылға артып келеді. Ақтауда биыл оқу бітіретін екі жүзге жуық түлектің он пайызын қыздар құрайды.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев