«Болашақ» бағдарламасы төңірегінде дау шықты

«Болашақ» халықаралық бағдарламасының грант иегері өз міндетін орындамай, мемлекет алдындағы қарызын кепілгерлердің мойнына артып кетті.

Бұл тұста кепілгерлер орталық қызметкерлері мен түлек арасында бармақбасты, көзқысты әрекет болғанын алға тартып отыр. Айтуларынша, кепілге қойылған пәтерлер заңсыз қайтарылған.

Ақпарат саласының қызметкерлері Наталья Воробьёва мен Мақпал Дәрібаева 8 жыл бұрын өздерінің әріптесі Валерия Гавриленкоға кепілгер болуға келіскен. Сөйтіп, грант иегері Ұлыбританияда қамсыз білім алды. Алайда кейін тиісті міндетін орындаудың орнына ат-тонын ала қашып, қайта шетелге кетіп қалған. Ал кепілге қойылған 2 пәтері кепілден шығарылған. Ол құжатқа орталықтың бұрынғы басшысы Жанболат Мелдешов қол қойған.

Наталья Воробьёва, «24 KZ» телеарнасының шығарушы редакторы:

- Пәтерлердің кепілден шығарылғанын бағдарламалар орталығы сотқа дейінгі талап-арыз жолдағанда ғана білдік. Содан кейін мән-жайды зерделедік. Жылжымайтын мүліктер 2019 жылы қайтарылған екен. Ал берешек жабылмаған. Гавриленконың өзі шетелде. Қателеспесем, «Болашақ» өкілдері оның азаматтығын нақтылау үшін Әділет және Сыртқы істер министрліктеріне сауал жолдады.

Халықаралық бағдарламалар орталығы жылжымайтын мүлікті қайтару туралы құжатты заңсыз деп таныған. Сөйтіп Гавриленкодан оқу ақысын қайтаруды талап етіпті. Алайда жоба түлегі елде болмағандықтан 30 млн теңге көлеміндегі қарызды өтеу кепілгерлерге міндеттелген.

Айжан Алина, адвокат:

«Болашақ» екі есе пайда тапқысы келіп отырған сыңайлы. Келісім-шарт біреу, жұмсалған қаражат 26-27 млн теңге шамасында. Енді олар Гавриленкодан да, кепілгерлерден де қарызды өндіріп алуға құқылы. Бұл орталық ішкі қызметтік тексеріс жүргізді, бірақ құйтырқы әрекетке қатысы барлар қазір мұнда жұмыс істемейді. Яғни жазасыз қалып отыр.

Мақпал Дәрібаева, ҚР Президенті жанындағы ОКҚ қызметкері:

- Мұның салдары өте ауыр болады. Яғни әрбір гарантқа бұл жерде 15 миллионнан бір уақытта төлеу керек болады. Бізде ондай қаражат жоқ. Наташа екеуміздің де отбасыларымыз бар. Кәмелет жасқа толмаған балаларымыз бар. Өзімнің аяғым ауыр. Сондықтан олар біздің пәтерімізді алып қоюға, одан кейін біздің барлық шоттарымызды бұғаттауға әрине құқықтары болады. Осының барлығынан қорқамыз.

Халықаралық бағдарламалар орталығының басқарма төрағасы дау-дамайға қатысты ресми түсінік берді.

Әлия Оспанова, халықаралық бағдарламалар орталығының басқарма төрағасы:

- Біз қазір Гавриленконы елге экстрадициялаумен айналысып жатырмыз. Елшілікке хабарластық. Бәрін заң шеңберінде шешу қажет. Егер түлек өз кінәсін түсініп, шығынды қайтаратын болса, кепілгерлерге қатысты іс тоқтатылады.

Кепілгерлер мемлекетке шығын келтірген Валерия Гавриленко мен оның сыбайластарын жауапқа тартуды талап етіп отыр. Олар бұл мәселе бойынша Мемлекет басшысына Үндеу жолдады.

Еркебұлан Смадияров, Ақылбек Есемсейітов