Батыста «Жайлы мектеп» жобасымен 18 білім беру мекемесі салынады

Батыс Қазақстан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 18 білім беру мекемесі салынады.

Біразының құрылысы былтыр басталды. Қалғанының іргетасы биыл қаланады. Сондай-ақ облыс орталығындағы №31 мектептің құрылысы қайта жанданды. Жалпы өңірде 10 мектеп үш ауысыммен оқытады. Ал 14 білім ордасы апатты жағдайда тұр.

Орал қаласындағы №31 мектеп 2019 жылы апатты деп жабылып, келесі жылы сүрілген еді. Оқушылар бес жыл бойы қашыққа қатынап оқыды. Жаңа ғимарат салам деген жеке инвестор уәдеде тұрмады. Былтыр кәсіпкерден жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып, жобаға түзету енгізілді. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстарының 35% атқарылды. 

Олеся Минаева, қала тұрғыны:

- Қанша жыл болды осы мектепті күткенімізге. Балаларды басқа аудандарға тасимыз. Олар теміржолдан өтеді. Барып келгенше уайымдап отырамыз. Енді құрылыс басталып, сең қозғалған сыңайлы. Тезірек бітірсе дейміз.

№31 мектептің құрылысы білім берудің инфрақұрылымын қолдау қорынан қаржыландырылады. Осы қордан №8 мектепті салуға керекті қаражат қаралатын болды. Жөндейміз деген бұл ғимараттың жобасы дұрыс болмай 4 жыл тұрып қалған еді. Жалпы қазір өңірде 12 мектеп салынып жатса, соның 4-і Оралда. 

Аяжан Жүнісова, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл мектептер 2024 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Аталған жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде облыс бойынша 3 ауысымды мектептердің барлығының жұмысы екі ауысымға ауысады деп күтілуде.

Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 18 мектеп салынады. 

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- БҚО-да өткен жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9 мектептің құрылысы басталған болатын. Алайда бүгінде сол нысандар кестеден кешігіп келеді. Оған біріншіден өңірдегі су тасқыны кері әсерін тигізсе, екіншіден мердігер компаниялардың жауапсыздығы да себеп болуда. 

Әлібек Антазиев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

- «Жайлы мектеп» бойынша үлкен кестеден кешігу бар. Кешігіп келе жатыр. Көптеген мәселе бар. Неге десең жұмыс істеп жатқан мердігерлердің кісілері де жоқ, техникаcы да жоқ, cол себепті жұмыс жақсы қарқынмен жүріп жатқан жоқ. 

Ал мердігерлер болса жұмыс қолы жетіспеуі де құрылыс материалдары тапшылығы да су тасқыны салдары дейді. 

Жамбыл Жетпісбаев, мердігер компания өкілі:

- 50 пайызға дейін түсіп кетті. Өйткені адамдардың көп жағдайда үйлерін су алып, сұранып кету үйлеріне сондай жұмыстармен. Оның үстіне осы БҚО 360 үй басталды ғой. Сол жерлерге адамдар кетіп қалды. Кәдімгі дефицит болып жатыр. Екіншіден барлық құм алатын карьердің бәрі суға батып кетті. Абаттандыруға алайық десек топырақ жоқ. Топырақ карьерлері су басып жатыр. 

Биыл өңірде «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 9 білім ордасы, Қарашығанақ кенішін игерушілердің қаржысы есебінен тағы 8 шағын құрамды мектеп құрылысы басталмақ.

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов