Зобалаң жылдар зардабы: Көкшетауда ғылыми конференция өтті

Көкшетауда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Іс-шараға жергілікті ғалымдар, зиялы қауым өкілдері және қуғын-сүргінге ұшырағандардың туыстары қатысты. Соңғы 3 жылдағы зерттеу барысында өңір аумағында 20-ға жуық лагерь орны анықталды. Тарихшылардың пікірінше, Ақмола облысында жаппай қуғын-сүргін орнаған 1930-1950 жылдар аралығында жазықсыз зардап шеккендердің саны 10 мыңға жетуі мүмкін. Олардың ішінде саяси себептермен сотталғандар ғана емес, бұрынғы әскери тұтқындар, арнайы қоныс аударушылар, ашаршылық құрбандары да бар.

Аманай Сейітқасымов, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жобалық кеңсенің үйлестірушісі:

- Көптеген жабық, бұған дейін беймәлім болып келген, белгісіз болып келген қорлармен жұмыс атқарып келеміз. Біз мыңдаған адамдардың тағдырын көріп таныстық, оларды ақтауға тырыстық. Өзіміздің ұсыныстарымызды айттық. Яғни қазіргі уақытта әлі де проблемалар бар ғой. Көптеген қорда, осы әскери тұтқындар мен дін өкілдерінің хабарсыз кеткен, беймәлім кеткен, қай жерде жерленген, қай жерде қаза тапқан деген сияқты.