В. Гавриленко ісі апелляциялық сотта қаралып жатыр

«Болашақ» бағдарламасының аясындағы дау-дамай әлі де толастар емес, деп хабарлайды 24KZ.

Лондон асқан Валерия Гавриленконың әрекетіне қатысты азаматтық іс бүгін апелляциялық сотта қарала бастады. Ал кепілгерлер өз құқықтарын қорғау үшін стипендиаттың өзін жауапқа тартуды талап етіп отыр.

Былтыр ғана 30 жылдығы атап өтілген «Болашақ» бағдарламасы үлкен сынға ілікті. Даудың басы мемлекеттің арқасында білім алып, кейін міндеттемелерін орындамай, шетел асып кеткен Валерия Гавриленко есімді азаматшадан басталып отыр. Ал «Болашақ» орталығы стипендиаттың өзін емес, оған кепіл болған адамдарды жауапқа тартуы бірқатар заңбұзушылықтардың бетін ашып отыр.

Наталья Воробьёва, зардап шегуші:

- Гавриленко өзінің 2 пәтерін кепілге қойды. Біз тек жетпей тұрған қаржыға кепіл болдық. Бірақ «Болашақ» орталығының сол кездегі басшысының өзі қол қойып, Гавриленконың 2 пәтерін кепілден босатып берді. Ал қарызды біздің мойнымызға артып қойды. Гавриленконың 30 миллионды төлемей кеткенін енді естеріне түсіріп отыр. Ал заң бұзған лауазымды тұлғалар ешқандай тәртіптік, қылмыстық жауапқа тартылмады.

Валерия Гавриленко бүгінде Ұлыбританияда өмір сүреді. Ал «Болашақ» орталығы оның өтемей кеткен қарызын Наталья Воробьёва мен Мақпал Дәрібаеваға артып, толық төлеуді міндеттеп отыр. Бірақ Гавриленконың кезінде кепілге қойған мүлкін емін-еркін қайтарып алып, өзгенің атына қалайша аударып алғаны түсініксіз. Көптің көкейін тескен сауал – осы.

Мақпал Дәрібаева, зардап шегуші:

- Заңсыздыққа, бассыздыққа, біздің болжауымызша, жемқорлыққа жол берген бірде-бір шенеунік қылмыстық жауапкершілікке тартылған жоқ. Саясат мырзаның өзі Сенат қабырғасында журналистерге: «Келісімшарт бар, гаранттарға еш уайымдаудың қажеті жоқ», – деді. Бірақ қайда ол келісімшарт? Ол келісімшарт бар ма, жоқ па? 

Сот отырысында «Халықаралық бағдарламалар орталығының» өкілдері судьядан 2 апта уақыт беруді сұрады. «Осы аралықта істі медиация жолымен шешуге талаптанып көреміз», – деді. Алайда зардап шегуші тарап қарызды Гавриленконың өзі өтемейінше райынан қайтпайтындарын айтып отыр.

Айжан Алина, қорғаушы:

- Гавриленконың пәтерлері кепілден босатылмай, бүгінде сатылымға шығарылса, жеке сот орындаушылары 25 млн теңгедей қаржыны өндіретін еді. Яғни «Болашақ» орталығына қарыздың 95%-і өздігінен жабылатын еді. Егер аппеляциялық сотта әділдік таппасақ, Жоғарғы Сотқа дейін шағымданатын боламыз.

Сот отырысы енді 2 аптадан соң жалғасады. Зардап шегушілер бұл іске қатысты әділетті шешім шығарына үмітті. Ал «Халықаралық бағдарламалар орталығы» осы жайттан кейін шетелде заңсыз жүрген стипендиаттарға қатысты ауқымды тексеріс жүргізетін болады.

Авторлары: Қуандық Танабас, Марат Диқанбаев.