Таразда сарбаздарға оқу гранты табысталды

Таразда Ұлттық ұланының сарбаздарына оқу гранттары берілді, деп хабарлайды 24KZ.

Олар Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге бір жыл бұрын келген. Енді үйіне оралар кезде жауынгерлер осындай жағымды жаңалық естіп отыр.

Бүгін Ұлттық ұлан сарбаздарында қос қуаныш. Бір жағынан жауынгерлік борышын абыроймен өтеп, үйге қайтатын сәт туса, екінші жағынан грант иеленіп жатыр. Жеңімпаздарға еліміздің 70-тен аса университетінің есігі ашық. 41 жауынгер Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспай-ақ, сол оқу орадаларында мамандық ала алады. Солардың арасында Жаһаргер Икрам да бар. Енді ол Әуе Қорғаныс күштерінің институтына түсіп білім алмақ. 

Жаһангер Икрам, 5513 әскери бөлімінің сарбазы:

- Жастайымнан офицер болғым келген. Сол себепті мен әскерге келдім. Қазіргі таңда жасым 21-де. Ештен кеш жақсы, Отан алдындағы борышымды орындап, құдай қаласа, міне, 5 күн қалды қайтуымызға. Қайтқан соң әрі қарай өзімінің осы әскер маған сыйлаған үлкен грантты сол жақта жалғастырамын деп отырмын.

Былтыр республика бойынша конкурсқа 17 мыңнан аса сарбаз қатысқан. Жалпы грант иегері атану үшін жауынгер әскери тәптіпті сақтап, оқу-жаттығуда үздік атануы керек. Оқу үлгерімі де озат болғаны абзал. Өйткені әрқайсысына балл қойылып, сол арқылы шешім шығады.

Бауыржан Қансейітов, 5513 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

- Жас сарбаз келгенде өзінің қай оқу орнына түсіп, кім болғысы келетінін көрсетеді. Жаңағы «Срочники 2.0» бағдарламасының барлығын көрсетеміз. Бұл сертификат нақты мамандыққа берілмейді. Ертең үйге жеткеннен кейін, оқу орнына барғаннан кейін қандай мамандық бар, өздері таңдайды. Шектеу жоқ.

Клара Ташева, ата-ана:

- Баламды оқуға түсіру өзімнің арманым еді. Бірақ грантқа түспегеннен кейін ақшалай түсіре алмағанбыз. Міне, рақмет, әскерден келді, қызмет етті, өзінің Отан алдындағы борышын адал өтеп, грант ұтып алды.

Сарбаздарға берілген сертификат 2 жылға дейін жарамды. Осы уақыт ішінде талапкер таңдаған жоғары оқу орнына барып тіркелуі тиіс. Оларға шәкіртақы төленіп, жатақханадан орын да беріледі.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә.