Қазақстандық студенттер Қытайда өткен халықаралық сайыста топ жарды

IT салада білім алып жатқан студенттер Қытайда өткен әлемдік сайыста бірінші орын алды, деп хабарлайды 24kz.

Қазақ жастары сегіз сағатта мәліметтер базасын жасақтап, серверде тұтас операциялық жүйе құрған. Маңғыстаулық Оралбай Өтебай «Компьютинг» бағыты бойынша қатысқан командаға жетекшілік етті.

Талғат Исламұлы, тілші:

- 22 жастағы Оралбай Өтебай бала кезінен-ақ ІТ саласына бейімділігін байқатқан. Ол қазір  жоғары оқу орнында 4-курста оқиды. Қытайда өткен білім додасында ерекше қабілетімен көзге түсті. Халықаралық байқау дарынды студенттерді әлемге танытып, оларды қолдауға бағытталған.

Оралбай Өтебай, студент:

- Біздің команда құрамында екі студент пен нұсқаушы болды. Менің серігім Алматы қаласының тумасы Николай Жиляков болды. Бізге «Компьютинг» бағыты бойынша бірнеше тапсырма берілді. Атап айтсам, бағдарламаны процессорларға тасымалдау жүйесін орнату, мәліметтер базасын құру және оны импорттауды мейлінше жылдам атқару жүктелді. 36 команда ішінен біз ғана барлық сынақтан сүрінбей өттік.

Шэньчжэнь қаласында өткен байқауға Катар, Малайзия, Таиланд және тағы басқа көптеген мемлекеттен 170 мыңнан астам студент қатысты. «Жастардың беделді халықаралық сайыста бақ сынауы отандық ІТ салада білім бағдарламасын жетілдіруге оң ықпал етеді. Кәсіби мамандарды даярлау деңгейін көтеріп қана қоймай, Қазақстанның әлемдік аренадағы орнын нығайтуға өз септігін тигізетіні анық», - дейді сарапшылар.

Гүлназ Жылқышбаева, Ғылым және технология факультетінің ассистент-профессоры:

- Қазіргі таңда 5G технологияларының, бұлттық технологиялар және жасанды интеллект маңыздылығы өте зор. Кешегі Қытайда болған байқауда Қазақстанның студенттері өздерінің ІТ технологиялары жоғары болғанын өте жоғары деңгейде көрсетті. Осындай байқауға қатысқандарына, мүмкіндіктері бар екеніне біз өте қуаныштымыз.

Айта кетсек, Оралбай Өтебай былтыр желтоқсанда Бахрейн елінде өткен байқауда гран-при жеңіп алды. Болашағынан зор үміт күттіретін бозбаланы дүниежүзіне танымал ІТ компания жұмысқа шақырып отыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев