ШҚО-да сурдоаудармашылар жетіспейді

Есту және сөйлеу қабілетінен айырылған балалар оқитын арнайы мектептерде бар-жоғы бес маман жұмыс істейді, деп хабарлайды 24kz.

Жергілікті жоғары және арнаулы оқу орнында бұл салада кадр даярлау қарастырылмаған. Жауаптылар тығырықтан шығу мақсатында дефектолог-педагогтарды қайта оқытуды қолға алып жатыр. Әзірге амалдай тұру үшін көрші аймақтарға сұраныс жолдаған.

Талғат Исламұлы, тілші:

- 6 жасар Айшаны ата-анасы логопедке әкеліп жүргеніне екінші ай. Осы аралықта бүлдіршін сөздердің мағынасын түсініп, әріп қайталай бастапты. Баланың сөйлеу қабілетін түзететін арнайы маман өңірде саусақпен санарлықтай. Осыған байланысты жергілікті оқу орындарының білім бағдарламасына сурдопедагог мамандығын қосу қолға алынды.

Динара Шаухина, ШҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Әрине, бұл бағытта біз университет, колледждермен тығыз байланыста жұмыс атқарып келеміз. Басқа қаладағы оқу орындарына хабарласып жатырмыз. Расын айтуымыз керек, сурдоаудармашы бүгінде қоғамға қажетті мамандықтың бірі.

Жанна Хамитова, отоларинголог-дәрігер:

- 2019 жылы бір балаға операция жасалды. Соңғы екі жылда жиырмадан астам науқас жеткіншекке шұғыл дәрігерлік көмек көрсетілді. Ал биыл 30 балаға операция жасау жоспарланса, соның 26-сы қажетті емін алды.

Статистикалық деректерге үңілсек, елімізде есту қабілетінен айырылған 30 мыңнан аса адам тұрады. Басым бөлігі – балалар. Құлақ ауруларына шалдыққан тұрғындарға көмек көрсететін маман барлық өңірде тапшы. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында бар болғаны бес сурдопедагог бар. Олар 7 арнайы мектеп пен 9 түзету орталығында жұмыс істейді.

Светлана Стельмах, психология ғылымдарының кандидаты:

- Мұндай мамандарға әлем бойынша сұраныс жоғары. Өкінішке орай, дүниежүзінде туабітті немесе өмірге келген соң есту қабілетінен айырылған бала саны жылдан жылға артып барады.

Қазір сурдотілмаштарды Павлодар облысындағы университетпен бірлесе дайындау жобасы қарастырылып жатыр. Оқу бағдарламасы дефектологтарды қайта оқытуды көздейді. Қоғам белсенділері мен депутаттар сала министрлігіне сұраныс хат дайындап та қойған. Сондай-ақ Өскеменде баланың есту қабілетінде дерт барын ерте жастан анықтап, шұғыл ем көрсету жүйесін жетілдіру ісі жіті назарға алынды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабақанов