Павлодарда «Мамандар қалашығы» фестивалі өтті

Асқабақ тұқымы қосылған сүзбе, сүттен жасалған боржыма, пластик қалдықтардан дайындалған құрылыс материалдары. Павлодарда мектеп бітіруші түлектерге арналған «Мамандар қалашығы» атты фестиваль өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Өңірдегі 44 колледжден қатысқан студенттер өздері жетілдірген жобаларды көпшілік назарына ұсынды.

Павлодар технологиялық колледжінің студенті Денис Акулов пластик қосылған тас төсеуіш ойлап тапқан. Тәулігіне жарты тоннадай қалдық   өңдейтің цех қоршаған ортаның тазалығын сақтауға зор үлес қосады. Ал құрылыс материалына керек заттар өңірде жетіп артылады.

Денис Акулов, Павлодар технологиялық колледжінің студенті:

- Біз пластикті 180 градус температурада балқытамыз. Оған құм, қиыршықтас, цемент сияқты қажетті қоспаларды қосып, қалыпқа құямыз. Брусчаткалардың көлеміне қарай 10-15 сағатта жоғары сапалы дайын өнім пайда болады.

Пластик қосылған инновациялық тас төсеуіштер 10-15 жылға дейін сапасын жоймайды екен. Осылайша, жастар тротуарлар мен саябақтарда жыл сайын ауыстырылатын өрнектастарды жаңа құрылыс материалымен ауыстырмақ ниетте. Тамақ өнеркәсібіне бағытталған жобалар да өте көп. Соның бірі – асқабақ тұқымы мен коллаген қосылған сүзбе және боржыма аталатын сусын. Анеля Шарипова өзі жетілдірген өнімдеріне патент алып, келешекте өндіріске шығарғысы келеді.

Анеля Шарипова, технологиялық колледжінің студенті:

- Бұл өте пайдалы, ішек ауруларына көп көмектеседі. Бұл менің жұмысым деп айтуға болады және де келесісі бұл – боржыма. Бұл қазақтардың баяғыдан келе жатқан сусыны деп айтуға болады.

«Мамандар қалашығы» фестивалі мектеп бітіруші түлектерге кәсіп таңдауға бағыт-бағдар береді. Білім беру мекемелері жергілікті кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатқан. Дуальды оқыту тәжірибесін Павлодар облысы елімізде алғашқылардың бірі болып енгізді.

Самал Айтқазина, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Павлодар облысының 44 колледжінің барлығы осы жерге өзінің барлық іс – тәжірибесімен, бүгінгі күнде өзінде бар заманауи қондырғыларымен, барлық өздерінің бүгінгі күні жасаған жұмыстарымен келіп отыр. Ең негізгі мақсат – бүгінгі таңда 9 және 11-сынып түлектеріне біздің осындай колледждеріміздің барлығын көрсету.

Фестивальда сонымен қатар топырақтың жай-күйін бақылайтын технологиялық жүйе, жарық шашатын фосфорлы терезелер, экокартина, онлайн-мектеп пен 3Д карталар сияқты стартап жобалар таныстырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – коммерциялық жолға қоюға болатын дүниелер. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков.