Техникалық мамандықтарға грант көбейеді
Биыл техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мемлекеттік грант көлемі тағы 60 мыңға ұлғаяды.
Олар еңбек нарығында ең көп сұранысқа ие мамандықтарға бағытталып отыр. Сонымен қатар колледж студенттерінің шәкіртақысы өседі.
Сезім 9-сыныпты тәмамдап жатыр. Өзі келешекте сәулетші болуды қалайды. Зәулім ғимараттардың сызбасын дайындап, қалаларды көркейтуге үлес қоспақ. Осы мақсатта биыл колледжге құжат тапсыруды ұйғарған. Мемлекеттік қолдау шеңберінде тегін білім алғысы келеді.
Сезім Кенжіхан, мектеп оқушысы:
- Қазіргі таңда көптеген колледждерді қарап жатырмын. Яғни сол мамандық бойынша іздестірудемін. Гранттар санының көбейгенін қалаймын. Біз сияқты және келер ұрпақ осындай тегін оқуды қалайды. Мен де грантта оқығым келеді.
Ал Ердәуіт көлік жөндеу мамандығы бойынша биыл диплом алады. Колледжде 3 жыл бойы тегін оқыды. Айтуынша, енді автокөлікке техникалық қызмет көрсету бизнесімен айналысқалы жатыр. Нарықта бұл кәсіп тұрақты әрі мол табыс кепілі екеніне сенемін, дейді ол.
Ердәуіт Ықтияров, студент:
- Автомобиль қазіргі таңда көбеймесе, азаймайтын дүние. Барлық автомобиль техникалық қызмет көрсетуді талап етеді. Сол себепті де бұл мамандықтың болашағы бар. Бізді автосервистерге жіберді. Сол жерде біз өтіп, дайындалдық. Көмекші ретінде жүрдік. Механиктерден білмегенімізді сұрап, олар бізге практический бәрін көрсетті.
Елде 500 мыңнан астам адам колледждерде білім алып жатыр. Соның 345 мыңға жуығы грантта оқиды. Мамандардың айтуынша, кәсіпорындар тарапынан да бірлесе кадр даярлау туралы өтінім күрт артқан. Олар студенттерді тағылымдамадан өткізуге және кейін жұмысқа қабылдауға міндеттеме алады.
Болат Рысқалиев, политехникалық колледж директоры:
- Елордамыздың барлық келіп жатқан ірі компанияларымен серіктестік орнатылған. Жұмыспен қамту деңгейі соңғы жылдары өте жоғары деп айта аламыз, 85-90%. Астана білім беру басқармасының ақпаратына сай, жалпы 10-12 мыңдай мемлекеттік грант беріледі. Соның ішінде біз де қатысамыз 11 мамандық бойынша.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сәйкес, биыл колледждерге мемлекеттік тапсырыс көлемі 60 мың орынға артады. Сонда жаңа оқу жылында 145 мың талапкер тегін оқуға мүмкіндік алмақ. Сарапшы елдегі еңбек нарығында нақты қандай техникалық мамандықтарға сұраныс көбейгенін айтты.
Дархан Сатанов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім департаментінің бас сарапшысы:
- Техникалық мамандықтарға көңіл аударып жатырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Энергетика саласы, металлургия, машина жасау, тау-кен өнеркәсібі, көлік және байланыс, ІТ бағыттарындағы мамандықтарға көңіл бөлудеміз. Қазіргі таңда техникалық және кәсіптік біліммен қамту 80 пайызды құрап отыр. 2025 жылға дейін біз бұл көрсеткішті 100 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз.
Былтыр колледж студенттерінің шәкіртақысы 50 пайызға ұлғайып, 32 мың теңге болды. Ал жаңа оқу жылында төлем тағы 50 пайызға артады, дейді министрлік өкілдері.
Еркебұлан Смадияров, Бағдат Қайыркен, Наурызбай Құрманғазы