17 тонна пластикті қайта кәдеге жаратудан жарыс өтті

Қарапайым пластик бөтелкесі енді үйдегі жиһазға айналады.

Тіпті одан заманауи 3D принтеріне арналған қоспа жасап шығаруға болады. Пластикалық гипс, гүл құмырасы, жол жиектері. Мұның барлығы 17 тонна пластик қалдығын жинап, жарысқа түскен еліміздің студенттері ұсынған жобалар.

Қоршаған ортаны ластамау, қоқысты сұрыптау әркімнің қолынан келетін іс. Алайда жиналған қалдықтан пайдалы дүние жасап шығару тек жасампаз адамға тән қасиет. Осындай идеямен елордада бас қосқан 11 университеттің студенті қайта өңделген пластикті кәдеге жарату бойынша жарысқа түсті. 8 тоннаға жуық пластик жинап, бірінші орын алған Сәтбаев университетінің жас инженерлері тың идеяларымен көпті тәнті етті.

Мирас Асқар, Satbayev University студенті: 

"Пластик қалдықтарын өңдеп, одан бөлме өсімдіктеріне арналған ыдыстар мен құтыларды жасауды жоспарлап отырмыз. Себебі университетіміздің ішінде өсімдіктердің саны артып келеді. Сұраныс бар. Жол жиектерін жасауға болатынын да көрсеттік. Сосын зертханаларымызда сынақтарда да қолданғымыз келеді. Алда протездер мен гипс материалын жасауды көздеп отырмыз."

Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің өрендері 4 жарым тонна пластик қалдығын жинаған. Қазыларды филамент деп аталатын 3D принтер қоспасын жасап таңғалдырды.

Валерия Парубчишина, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ студенті:

-  Біздің студенттер пластикті өңдейтін станок құрастырды. Ол 3D принтер үшін филамент деген затты жасап шығарады. Ал оны жасау үшін пластик бөтелкені алып, қажетті өлшемде ұзыншақтап кесіп, жоғары температурада өңдейміз. Сосын филаментіміз шығады. Сосын оны принтерден түрлі заттарды басып шығарғанда шикізат ретінде қолдануға болады. 

Осындай инновациялық жобалармен қатар, жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз ете алатын идеялар да елді елең еткізді. Мысалы, Абай атындағы педагогикалық университеттің жас экологтары дизайн, бизнес және басқару саласындағы студенттермен бірігіп, пластик қалдықтарынан сән өнімдерін жасайтын зауыт ашу жобасын ұсынды.

Назерке Жұмағали, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті: 

"Біз осы студенттермен жұмыс жасап, студенттік өмірде шағын зауыт құру идеясы болатын. Бұл зауыттың негізінде бізде тек қана экология мамандығы ғана емес, өнер академияларынан дизайнерлер, менеджерлердің барлығын қоса отырып, білгілі ұйым құру. Біздегі мақсатты аудитория - әкімшілік, жекеменшік кәсіпкерлер, осының барлығын бір жерге жинай отырып, табыстың көзін, яғни жұмыспен қамту жағын қарау ұсынылған болатын. 

Аталған жарыста жүлделі болған университеттер пластик қалдықтарын толық өңдеуге мүмкіндік беретін аппараттар мен қалдық үгіткіш жабдыққа ие болды. Осылайша кезекті маусымын сәтті аяқтаған жоба келесі жарыста да жалғасын табады. Тағы бір жыл ішінде бұдан да қызық жобалардың болатыны сөзсіз. 

Ердана Ержанұлы, Қанат Махмутов