Ташкентте «Әл-Жәбірдің атасы» журналының өзбек тіліндегі нұсқасы жарық көрді

Оның бастауында қазақстандық ғалым, Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев тұр, деп хабарлайды 24kz.

Жарты жыл бұрын Қазақстанда алғашқы саны 2 жарым мың данамен тараған еді. Кейін математика бағытында шығатын тұрақты ағартушылық басылымға айналды. Оған шет мемлекеттерден қызығушылық артып, өзге тілде басып шығару ісі қолға алынды. Ташкенттен Рауан Мыңбаев жалғастырады.

«Әл-Жәбір» дегеніміз – алгебра, ал оның негізін қалаушы осыдан 1200 жылдай бұрын Арал теңізі маңында өмір сүрген Әл-Хорезми. Ғұламаның сол заманда математика іліміне енгізген термин-ұғымдары бүгінге дейін қолданылып, технологиялық прогреске жол ашқан. Мұны тұтас Орталық Азия халықтары мақтан тұтады. Ғылыми-танымдық журналдың алғашқы саны «Әл-Жәбірдің атасы» деп аталуы сондықтан.

Асқар Жұмаділдаев, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті:

- Біздің мақсат – ұлы аталарымыздың жолын жалғастыру. Кезінде бүкіл әлемнің дамуына ғаламат үлес қосқан Орталық Азиядан шыққан екі адам болса, соның бірі – Әл-Хорезми. Ол ғұламадан мына екі сөзі қалды: алгебра және алгоритм. Қарапайым телефон, теледидар және техниканың өзге де түрлері әуелі алгоритмнен құралады.

Басылым негізінен балаларға арналған. Мазмұны математика жайлы болғанымен, басқа да салаларды қамтиды. Орта және жоғары буын оқушыларының «Тай жарысы», «Құнан жарысы» және мектеп ұстаздарының «Дөнен жарысы» атты олимпиадалық тапсырмалар тарауы бар. Журналдың өзбекше нұсқасы қазақ тіліндегісімен қатар жарық көріп тұрады. Оның таныстырылымына Өзбекстан ғылым академиясының өкілдері де қатысып, шығармашылық топқа алғысын білдірді.

Гүлсанам Тиллаева, Өзбекстан Ғылым академиясы жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары:

- Бұл журналдың өзбек тілінде жарық көруін қазақ-өзбек ғалымдары арасындағы өзара ынтымақтастық пен достықтың жарқын көрінісі деп айтуға болады. «Әл-Жәбірдің атасы» журналының шығуына екі елдің ғылым академиялары, тиісті министрліктері мен жас ғалымдары қызығушылық білдірді, үлес қосты. Алдағы уақытта оның мазмұны тереңдеп, оқырманын жаңа біліммен сусындатады деген үміттеміз.

Айта кетейік, журналдың шығуына қазақстандық «Qalan» компаниясы қолдау көрсеткен. Бұл мекеме елімізде ғана емес, Өзбекстанда да кең қолданылып жүрген математиканы онлайн оқыту платформасын жасап шығарған. Қазір «Edtech» жобасы екі жаққа да тиімді ынтымақтастықтың жарқын үлгісіне айналып келеді.

Асқар Жұмаділдаев, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті:

- Бұл журналды шығаруға демеуші болған менің студенттерім. Кезінде олар менен математика бойынша бірнеше кеңес сұраған еді. Сол кезде білер ақылымды айтқанмын, сол нәтижелі болса керек, қазір ол студенттерім үлкен жетісікке жетіп жатыр. Менің байқауымша, өзбек жастары, қазақ жастары арасында үлкен ұқсастық бар. Оқу, білім, ғылым жүйесі және мінез-құлық. Біздегі проблема бұларда да бар, бұлардағы проблема бізде де бар. Сол себепті мынау «qalan.kz»-ке және «Әл-Жәбірдің атасына» қызығушылық үлкен екенін байқадық.

Белгілі математик аталған журналдың өзбек тіліндегі нұсқасын оқитын жастардың қатары көп боларына сенімді. Көрші ел ғалымдары да осындай пікірде. Олардың айтуынша, басылым өзбекстандық білімге құштар бүлдіршіндердің санасына серпіліс жасауы мүмкін.

Авторы: Рауан Мыңбаев