Астанада үздік ғылыми өнімдерге қаржы тартуға арналған іс-шара өтті

Медицина саласындағы озық ғылыми жобаларды өндіріске шығару.

Бүгін Астанада үздік ғылыми өнімдерге қаржы тартуға арналған іс-шара өтті. Оған қатысқан ғалымдар жылдар бойы зерттеген өнімін инвесторлардың назарына ұсынды.

Мейірбек Аймағамбетов, Семей мемлекеттік медицина университетінің госпитальды хирургия кафедрасының меңгерушісі:

- Бұл бауырға, ұйқы безі, асқазан, өңеш, тоқішек, ашішекке жасалынатын операцияларға қолданылатын хирургтардың инструменттері.

Сырт көзге темір-терсек сияқты көрінетін бұл құралдардың заманауи хирургияда маңызы зор. Олардың көмегімен ота жасау кезінде жараны кеңейтіп кез-келген манипуляцияны оңайлықпен жасауға болады, дейді семейлік профессор Мейірбек Аймағамбетов. Әзірге жабдықтар тек Абай облысының ауруханасында қолданылып жатыр. Ал көрмедегі көршілес әріптесі Эльмира Қабсалямова дәрілік сұңғыла өсімдігінің сублимациясын әкелген. Фармацевт ғалымның айтуынш, сексеуілдің паразиті іспеттес арамшөп - мың дертке шипа.

Эльмира Қабсалямова, Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ фармацевтикалық технология кафедрасының профессоры:

- Бұл өсімдік 2019 жылға дейін көршілес Қытайға арзан бағамен тонналап шығарылған. Сөйтсек, ол елде бұл өсімдік Қызыл кітапқа енгізілген екен. Ал біз оны сексеуілдің паразиті іспеттес арамшөп ретінде қабылап келгенбіз. 2006 жылдан бастап біз осы сұңғыла немесе жылан бұтағы деп аталған өсімдікті зерттедік. Ондаған жылымызды осыған сарп еттік. Бүгінгі іс-шараға осы өсімдіктің субстанциясын әкелдік. Ожан түрлі дәрі-дәрмек жасауға болады.

Көрмеде бұдан бөлек емдік тіс пастасы, сусын мен препараттар сияқты 10 жоба ұсынылған. Мақсат – медицина ғылымының озық жетістігін өндіріске шығару. Ол үшін инвестиция қажет. Қатысушылардың әрқайсысы жобасын таныстырып, 350 млн теңгеге дейінгі сомада қаржы тартуды көздеп отыр.

Ринат Елшібеков, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитетінің басшысы:

- 2023 жылы конкурс жарияланған болатын 14 желтоқсан күні. Қазіргі кезде ол конкурс сараптамадан өткізілуде. 300 өтінім кеп түскен болатын. Болашақта белгіленген ақшаның көлеміне байланысты 70-75 жобаны қаржыландыру жоспарлануда.

Қазақстанда 2016 жылдан бері қолға алынған 180 жобаның өндірісі іске қосылды. Тіпті 16 жобаның өнімдері экспортталып жатыр. Жалпы, ғылымды коммерцияландыру өзекті мәселенің бірі. Сондықтан бұл іске жеке сектордан қаржыны көптеп тарту міндеті тұр.

Бақыт Топтаева, Жарқын Өрден