Түменде қазақ тілі мұғалімдері тапшы
Ресей өңірлерінде қазақ тіліне деген сұраныс жылдан жылға артып келеді, деп хабарлайды 24KZ.
40 мың қазақ тұратын Түмен облысының бірнеше ауданында ана тілін міндетті пән ретінде оқытатын мектептер бар. Бірақ қазақ тілінен сабақ беретін мамандар аз.
Қазақ тілі Түмен облысының бірнеше ауданының мектептерінде қосымша емес, міндетті пән ретінде оқытылады. Қазақ тілі үйірмелері де бар. Балаларының ана тілін білуін қалайтын ата-аналар да көбейген.
Асқар Үбітайұлы, Түмен қаласының тұрғыны:
- Осыдан 5-10 жыл бұрынғымен қазіргі кезді салыстыратын болсақ, қазіргі кезде қатарымызға келіп жатқан жастар, 10-15 бала ғана болатын. Қазіргі кезде 100-ден аса баламыз бар. Олар биімізге, домбырамызға келіп дайындалады. Жастарымыздың көбі патриот деуге болады өзіміздің тілге.
Аймақта қазақ тілін міндетті пән ретінде оқыту мүмкіндігі тек соңғы жылдары пайда болды. Оған оқулық жоқтығы қолбайлау болып келген. Алтай өлкесіндегі Қосағаш ауылының мұғалімдері арнайы оқулық шығарып, ағарту министрлігінде сертификаттаудан өткізді. Осылай қазақ тілін мектептерде ресми түрде оқыту мәселесі шешілген еді. Бірақ енді мұғалімдер тапшы, – дейді диаспора өкілдері.
Хәлел Омаров, Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының өкілі:
- Мұғалім мәселесі бар. Бұл жақта ертеден мектеп деген болмаған қазақ тілінде. Сондықтан таза қазақ тілін, әдебиет тілін білетін жан жоқ. Арамызда қазақ тілінен ұстаз болатын кісі аз. Ана жерден, мына жерден, Қазақстанға оқуға жіберіп, солар оқытып жатыр қазір. Әр ауданда мұғалімдеріміз бар. Бірақ бір-бірден.
Түмендегі қандастарымыз қиындықтарға қарамастан қазақ тілін оқыту ісін әрі қарай дамыта беруге ниетті. Бұл алдағы Ресей қазақтарының құрылтайында талқыланатын ең басты мәселелердің бірі болмақ.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.