Павлодар облысында жемқорлыққа қарсы жазғы мектеп ұйымдастырылды

Павлодар облысында жастарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық жазғы мектеп шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Оған жоғары оқу орындарының жас оқытушылары мен комплаенс-офицерлері қатысып отыр.

Сондай-ақ БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдері тәжірибелерімен бөлісуге келген. Жазғы мектептің мақсаты – жастарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қағидаттарына тәрбиелеу және парасаттылық мәдениетін қалыптастыру.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жазғы мектеп – жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі шара. Биыл ауқымдылығымен ерекшеленіп отыр. Себебі алғаш рет еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас оқытушылар қатысып жатыр. Олар халықаралық стандарттарға сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті ілгерілетуді үйренеді.

Бағлан Омарбекова, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті «Саналы ұрпақ» бөлімінің бас менеджері:

- Осы жазғы мектеп өте керемет болып жатыр. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзіміздің білімімізді дамытып жатырмыз. Өзімізге керектіні алып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті ары қарай дамытуға өзіміздің көп білімімізді жетілдіріп жатырмыз. Болашақта осы білімімізді студенттерге, жастарға береміз.

Мектеп тәлімгерлерінің айтуынша, жастар қоғамдағы өзгерістердің жолсерігі болуы тиіс. Олардың бойында парасаттылық мәдениетті қалыптастыру өте маңызды.

Медет Амралинов, Павлодар облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы:

- Мұндай мектептің тиімділігі зор деп ойлаймын. Қатысушылар алған білімін жас ұрпақтың тәрбиесіне арнайды.

Мектеп тыңдаушылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық деңгейдегі жетекші мамандармен бірлесіп жұмыс істейді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылдың нақты мысалдарын көреді.

Мирас Қарғабай, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі Превенция қызметінің басқарма басшысы:

- Оқытудың мақсаты – бұл білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық көріністерін азайту. Өйткені жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, бір жағынан, яғни жемқорлықтың қандай зияны бар, қандай ол үшін жауапкершілік бар және де сыбайлас жемқорлыққа жастар өз тарапынан қалай төтеп бере алады? Қандай алдын алу шараларын қолдана алады? Сол бойынша үйрету керек.

Ал комплаенс офицерлер кешенді оқыту барысында сыбайлас жемқорлық әрекеттерді анықтау мен оларға талдау жасауды үйренеді. Университеттерге тән жемқорлық көріністердің жолын кесу тәсілдерін меңгереді.

Әділ Мұқышев, БҰҰ-ның Қазақстандағы есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы бағдарламаларының ұлттық үйлестірушісі:

- Бұл мектеп ең жақсы тәжірибелерді, соның ішінде БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының халықаралық тәжірибелерін біріктірген. Студенттерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыбына қалай тарту керек, оның ішінде жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды қалай оқыту керек деген тұстарына тереңірек тоқталамыз.

Жазғы мектеп 4 күн бойы жұмыс істейді. Еліміздің әр өңірінен келген мамандар тәжірибе алмасып, білімін жетілдіреді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков.