Қонаев қаласында халықаралық ұлттық саммит өтті
Қонаев қаласындағы республикалық дарынды балаларға арналған «Балдәурен» оқу-сауықтыру лагерінде белгілі тілші ғалым Нұрша Оразахынованың «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының 30 жылдығына арналған халықаралық ұлттық саммит өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Аталған іс-шараға көршілес Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолиядан да меймандар келді. Олар қазақ ғалымы енгізген отандық төл технологиямен өз елдерінде бала оқыту мәселесіне үлкен қызығушылық білдіріп отыр. Өйткені осыдан 30 жыл бұрын қолға алынып, еліміздегі жекелеген мектептерде эксперимент ретінде жүзеге аса бастаған «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы осы уақытқа дейін өзінің тиімділігін, өміршеңдігін дәлелдей білді», – дейді саммитке қатысушылар. Мұғалімдер аталған технологияны мектептерде тиімді қолдану туралы пікір алмасса, мектеп оқушылары ертең осы іс-шара аясында 10 пән бойынша білім бәсекесіне түседі.
Нұрша Оразахынова, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
- Жүсіпбек Аймауытов айтады: «мына оқулықты кабинетте отырып жазуға болмайды. Оқулықты мұғалім жазсын, ғалым оның сөзін түзесін. Әдіскер оның әдістемелік жағынан көмек көрсетсін». Осы тұрғыдан мен қазіргі күнде тілдік бірліктерді сатылай кешенді талдау деп 1-сыныптан 8-сыныпқа дейін жеткіздік. 11-сыныпқа дейін әдебиетке кіргізіп, соның жұмысын жасап келе жатырмыз.
Оразкүл Асанғазы, ҚР қоғам қайраткері, тіл жанашыры:
- Жалпы кез келген балаға білім беру үшін ең негізгі нәрсе – 2 нәрсе. Біреуі – оқулық, біреуі – мұғалім. Нұршаның 30 жылда қол жеткізген жетістігі – өзі жаңағы мектепте сабақ бере жүріп, оқулық жазуы. Әрі оқулығы, әрі мұғалімі бар жақсы технология. Бұнымен оқыған шәкірттер ешқашан қате сөйлемейді.