Этнолагерь ұлттық құндылықтарды дәріптейді

Қазақтың ұлттық құндылықтары мен дәстүрлері мектеп қабырғасынан бастап дәріптелуі заңдылық.

Сондықтан ел болашағы – балаларға біліммен бірге этно-тәрбие беру ісі де қатар жүріп жатыр. 

Ең қуаныштысы ол тек сабақ уақытында емес, жазғы демалыс кезінде де назардан тыс қалған жоқ. Мұның басты дәлелі – жазғы этнолагерьлер. 

Балалардың сабақтан кейінгі жазғы-сауықтыру жұмыстарын өткізуде еліміздің оқу-ағарту министрлігі жыл сайын мектеп жанынан лагерьлер ашып, қызық бағдарламамен қамтуға тырысады. Биыл да жазғы маусым балалар үшін барынша пайдалы әрі танымды болуын ескерген.

Алтай Рахимберлин, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің басқарма басшысы:

- Бүгінгі күні еліміз бойынша 10 мыңнан артық жазғы-сауықтыру орталықтары жұмыс істейді. Оның ішінде 182 маусымдық жазғы сауықтыру орталықтары жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ 200-ден астам шатырлы және киіз үйлі лагерлер жұмыс атқарады.

Астанадағы біз келген №88 мектеп-лицейі сондай киіз үйлі лагерь ашқан оқу ордаларының бірі. Біз келген бетте мұнда балалар айран ұйытып, сүзбе құрт жасау жолдарымен танысып жатты. 

Жанар Айтова, Астана қаласы №88 мектеп-лицейінің директоры:

- Биылғы жылы Астана қаласында 20 мектеп этнолагерь ашып отыр. Бұл этнолагерьдің ашылу себебі осы мектептердің көбінде құндылыққа негізделген тәрбие беру мен білім беру. Яғни этнографиялық тәрбие беру. Және қыс бойы осы жоба бойынша жұмыстар жүзеге асып жатыр.

Этнолагерьде балалар жаз басталғалы ата кәсібіміздің түр-түрімен танысып, өздеріне ұнаған іске үйреніп, алғашқы бұйымдарын да жасап алған.

Дина Қамшыбай, оқушы:

- Маған осы лагерьде ең қатты ұнағаны – ол құрақ көрпе. Бұл құрақ көрпенің атауы құдық деп аталады. Өйткені ол әр саты сайын тереңдей береді. Ең бірінші біз былай кішкентай маталарды алып құрастырып аламыз. Сосын ең кішкентайы ортасында шаршы болады. 

Ақтілек Сұлтанбек, оқушы:

- Барлығы күшті екен. Менің ойымдағыдай емес, өте күшті екен. Лагерьде біз келеміз, спорт жасаймыз деп ойлағанмын. Біз тақия істейміз. Бұл сәукеле. Қазақтың әйелдері киетін бас киім. Оның осындай әдемі оюы мен үкісі бар.

Қыздар ұлттық тағамдарды әзірлеп, кесте тігіп, құрақ құраса, ұлдар ағаш жонып, ұршық пен алтыбақан жасауға шеберленіп алған. Мектеп ұжымы дәстүрлі өнердің сан түрін қамтуға тырысып жатыр.

Жанар Айтова, Астана қаласы №88 мектеп-лицейінің директоры:

- Енді қазір шілде айындағы өзіміздің жоспар бойынша шимен текемет жасауды үйретпекшіміз. Оның қандай заттар керек, не керек, ресурстарын дайындаудамыз. Күнде балалар үшін бауырсақ пісіріліп жатыр, күнде балалар үшін шелпек пісіріліп жатыр, күнде айран. Бәрі тегін. Сондықтан мен ойлаймын, балалар үшін бұл өте қызықты. 

Иә, мектеп ауласына кірген бетте ыстық бауырсақтың иісі мұрын жарғаны рас. Балалар үшін күнде 7 келі бауырсақ пісіріледі екен. Ауылға жолы түспейтін қала балалары кешке дейін телефон қарап, үйде отырғанша, осы жерге келсе ұлттық құндылықтарымызды біліп, лтансүйгіштік қасиеттері оянары анық дейді мектеп директоры.

Мөлдір Молдағали, Ырыстанбек Оспанов