Барнаулдағы қазақ тілі орталығына 11 жыл
Барнаул қаласындағы Алтай мемлекеттік педагогикалық университетінде қазақ тілі мен мәдениеті орталығы жұмыс істейді.
Ол 11 жыл бұрын Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының көмегімен ашылған.
Мақсат – қазақ тілі мен ұлтымыздың салт-дәстүрін насихаттау.
Алтай мемлекеттік педагогикалық университеті жанындағы орталық Барнаулда қазақ тілі мен мәдениетін белсенді насихаттап келе жатқан ұйымның бірі. Соңғы санақ бойынша аймақта 6 мыңға жуық қандасымыз тұрады. Төрт қазақ қоғамдық ұйымы бар. Өңірдегі жоғары оқу орындарында 1800-ге жуық қазақстандық оқиды.
Мұрат Бекмұратов, Алтай өңіріндегі қазақ мәдени-ұлттық автономиясының төрағасы:
- Орталығымызға 11 жыл болды. Бұл кезінде Павлодар пединститутының ректоры Аршабеков болып тұрғанда ашылған. Содан бері осы орталықты ұстап отырмыз. Мына педуниверситеттің ректоры Лазаренкоға мың да бір рақмет, осы орталықта жаңа жөндеу жұмыстарын жасап, қазақтар осында болсын деп, әрқашан да болысып тұрады.
Ал Алтай мемлекеттік университетінде осыдан бес жыл бұрын "Үлкен Алтай" орталығының негізі қаланды. Ол түркі халықтарының тарихы мен мәдени мұрасын зерттейді. Ұйым ғалымдары тұрақты негізде археологиялық-этнографиялық экспедициялар ұйымдастырып, халықаралық түркологиялық форум өткізіп тұрады. Жыл сайын жас түркологтардың халықаралық жазғы мектебінде жүзге жуық қазақстандық студент тәжірибе алмасады. Үлкен Алтай орталығы Қазақстан мен Ресей түркологтары ынтымақтастығының жарқын үлгісіне айналды.
Юлия Лысенко, Алтай мемлекеттік университеті шығыстану кафедрасының басшысы:
- Біз айтарлықтай ірі серіктестік желісін құрдық. Бүгінгі таңда біздің ұжымда алтайтану және түркітану саласы бойынша 15-ке жуық қазақстандық ғалым жұмыс істейді. Олар әлемге әйгілі ғалымдар. Түркі өркениеті тарихының бірінші кітабын шығаруға қазақтың көрнекті ғалымы Болат Ешмұхамедұлы Көмеков зор үлесін косты.
Қазір Алтай түркітанушылары қазақстандық ғалымдармен бірге түркі өркениеті тарихының екінші кітабын дайындап жатыр.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров