Елімізде жол ережесін бақылаудың мобильді комплексін шығаратын зауыт ашылды

Алматыда жол ережесін бақылауға арналған мобильді комплекстерді шығаратын зауыт ашылды.

Түрік технологиясымен жасалатын құрылғылар автобустарға, өрт сөндіру, жедел жәрдем және полицияның қызметтік көліктеріне орнатылады. Сонымен қатар оларды жол бойындағы бағанаға да қоюға болады. Мамандардың пікірінше, жаңа технология жол ережесін бұзу фактісін 40 пайызға азайтады. Зауыт бастапқыда 600 дана мобильді комплекс өндіреді. Ал 2025 жылы 1000 мобильді және 1000 стационарлы құрылғы жасамақ. Жобаға 64 миллиард теңге инвестиция салынады. Зауыт жетекшісінің айтуынша, болашақта құрылғылардың түрі көбейеді. Ұшқышсыз ұшу аппараты, полицияға арналған бейнебақылау жасайтын көзілдіріктер, жаяу сақшыларға төсбелгі сынды заманауи жабдықтарды жасауды жоспарлап отыр. 

Айжан Сейілханова, зауыт директоры:

- Мобильді комплекс 360 градусты таспалайды және көлік номерлерін ажырата алады. Тіпті машинаның тұраққа дұрыс қойылған немесе қойылмағанын да анықтайды. Көпірлерге, теміржол өткелдеріне қойса болады. Жолдағы қауіпсіздікті түгел бақылайды.