Коллекционер түркілер туралы деректер кездесетін антиквар кітабын таныстырды

Елордалық коллекционер түркілер туралы алғақшы деректер кездесетін антикварлық кітабын таныстырды.

1726 жылы шығарылған тарихи басылымды онлайн-аукционнан сатып алып, сонау Франциядан елге әкелген. Сирек кездесетін бұл еңбек енді сөредегі басқа да жинақтарды толықтырып тұр.

Түркілер жайлы алғашқы деректер кездесетін көне басылымның барын коллекционер 5 жыл бұрын білген. Көп ізденістен соң, аукционға шыққанын байқап, қомақты қаржыға сатып алады. Алайда оның бағасы кітап құндылығынан артық емес дейді.

Ренат Райымханов, Астана қаласының тұрғыны:

- Бұл қолжазба Тарихи-И-Рашиди секілді танымал болмаса да, өз ерекшелігі бар. Мұнда барша Орталық Азия халықтарына қатысты құнды ақпараттар жинақталған. Және бұл кітапта карта бар. Сол картада Қазақ ордасы бейнеленген.

Жас коллекционердің қорында 20-ға жуық сирек кітап бар. Олар ағылшын, француз және неміс тілдерінде жазылған. Ең құндысы Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи-и-Рашиди» туындысы. Себебі бұл қазақ тарихын қозғайтын әлемдік ғылыми айналымдағы жалғыз еңбек. Бұл кітапты да 3 жыл іздеп, Англиядан сатып алған. 

Ренат Райымханов, Астана қаласының тұрғыны:

- Әлемде сан түрлі кітап бар. Бірақ оның барлығын тауып, сатып алуға мүмкіндік болмай қалады. Бірақ бұл менің хоббиім болғандықтан, үнемі ізденісте жүремін. Ал егер құнды дүние тапсам, өзімді зерттеуші сезінемін, жаңалық ашқандай боламын. Мысалы, мына кітап алғашқы шығарылым және осындай тағы біреуі Қазақстанда бар ма, жоқ па, нақты білмеймін. Өз басым қанша музей, кітапхана араласам да кездестірмеппін.

Елордалық Ренаттың сирек кітаптарға деген қызығушылығы осыдан 10 жыл бұрын, шетелде оқып жүрген кезде пайда болған. Еуропадағы түрлі антикварлы кітап дүкендерін ерекше ұнатып, жиі аралағанын айтады. Тіпті сирек кездесетін көне кітаптарды дұрыс күту жолдарын меңгеріп алыпты. Қазір игілігін көріп жүр.

Мөлдір Молдағали, Жарқын Өрден