Ғалымдар шегірткені шетелге сатуды ұсынып отыр

Шегіртке бір ауылда қырылғанмен, қалғаны үдере көшіп, басқа бір алқапқа қонады.

Қаптаған жәндіктен құтылудың амалы: шетелге сатып, пайда табу керек. Отандық ғалымдар Үкіметке арнайы ұсыныс әзірлеп жатыр. Жыбырлаған жәндікті өзімізде мал азығына пайдалануға болса, жат жұртта адамдар жей береді.

Шегірткені аулап, шетелге сату керек. Қазақстандық ғалымдар жәндікті аулау технологиясын жасауға дайын отыр. Егер Үкімет қолдаса, шырылдауық шегіртке табыстың көзіне айналады.

Бауыржан Қасенов, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы:

- Шегірткемен күрес тек химиялық ретінде емес, тек қана күрес болмауы керек. Оның да пайдасын көру керек. Қасымызда 1,5 млрд қытай бар, өзіңіз білесіз. Ол жақта, мысалы, шегірткені жейді. Таиландта жейді. Мысалы, сол Таиландта 1 келі шегірткенің бағасы 7 мен 10 доллардың арасында тұрады. Соған қарағанда неге біз оны пайдаланбаймыз? Біздің мақсат енді Нидерланды сияқты жеке ферма арқылы ақша салып, көбейту емес. Ол тек қана жылына бір рет 2-3 жұманың ішінде қолданылады, осындай көп болып кетсе. 

Ғалымның айтуынша, қазір шегірткені 2 млрд-тан астам адам жейді. Әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азияда сұраныс зор. Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенінде кеңінен пайдалануға болады. 

Бауыржан Қасенов, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы:

- Балыққа, тауыққа, малға дегендей жемшөп қоспалары ретінде пайдалансақ, біздің ауыл шаруашылығының көп проблемасы шешіледі. Мысалы, ақуыздың шегірткедегі үлесі – 70%, етте, қара малдың етінде 20-25% болса, 3 есе артық.

Дегенмен шегірткені аулайтындар көбейсе, құрып кетуі де мүмкін. Мамандар: «бұл экологияға кесірін тигізеді», – деп отыр. 

Ғани Назарбек, «Байтақ болашақ» республикалық экологиялық альянсының президенті:

- Мәселен, біздің Қазақстанда 527 құстың түрі болса, оның ішінде жартысынан көбі осы шегірткемен қоректенеді. Одан да бөлек, бізде басқа да бауырмен жорғалаушылар немесе кемірушілер отрядындағы шегірткемен қоректенетін жануарлар бар. Өте көптеген түрге шегіртке негізгі азықтық қор болып есептеледі. Ал енді бірақ шегірткенің де табиғатта шамадан тыс көп болуы – ол да үлкен зиян.

«Кейінгі жылдары климат жылынғанынан шегіртке көбейіп кетті», – дейді эколог. Алдағы жылдары да шегіртке қалың болуы мүмкін. Ал отандық ғалымдар оның көзін жоюға қыруар қаржы жұмсамай-ақ, шетелге сатуды ұсынып отыр.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Диас Қобланбаев.