БҚО-да алғаш рет этнолагерь ашылды

Батыс Қазақстан облысында биыл бірінші рет этнолагерь ашылды.

Енді қаланың балалары Ветёлки ауылына келіп, ұлттық салт-дәстүрмен танысады, түрлі тағамдар әзірлеп, атқа мінуді, қой қырқуды үйренеді. Жазғы лагерде демалатындар қатарында су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың балалары да бар.

Нан мен сүтті, май мен құртты дайын күйде сауда сөрелерінен алып үйренген қала балаларына осы өнімдердің жасалу жолы жұмбақ. Содан шығар оқушылар Сәуле әжейдің әңгімесін ұйып тыңдады. Тек ұлттық тағам әзірлеудің қыр-сырына қанығып қоймай, ауыл тұрмысын көзбен көрді. Атқа мінді, қой қырықты, алтыбақан тепті, киіз үйде демалды.

Ералхан Құрманғали, №12 мектептің 6-сынып оқушысы:

- Мында өте қызық болып жатыр. Түрлі-түрлі ойындар болып жатыр. Маған ұнап жатыр. Осындай лагерьлерге келіп жатырмын, маған ұнап жатыр жалпы жазғы демалыс.

Этнолагерьде балалар таңнан кешке дейін бір күн болады. Ұйымдастырушылар осы бір күнде балалардың бойына ұлттық құндылықтарды барынша сіңіруге тырысады. Этнолагерь ашу үшін қала шетіндегі Ветелки ауылындағы №49 мектеп таңдалыпты.

Гүлдана Оразақаева, №29 мектептің директоры:

- Негізгі мақсат ұлттық бірегейлікті, ұлттық атмосфераны қалыптастыру. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарымызды ата-бабамыздан келе жатқан дәріптеу. Ауылға келген әр бала ауылдың тыныс-тіршілігімен танысады. Одан кейін күнделікті әртүрлі шеберлік сағаттарына қатысады. Мысалы биылғы жылдың лагерьді ұйымдастыру ерекшелігі бауырсақ-фест, құрт-фест секілді мастер-кластар көрсетілген.

10 күн ішінде этнолагерьде 500-дей бала демалмақ. Жалпы биыл облыс орталығында 58 мыңдай оқушы жазғы демалыспен қамтылмақ.  

Салтанат Мұратова, Орал қалалық білім беру бөлімінің әдіскері:

- Қала мектептері жазғы демалыс және бос уақытында 94,4 пайызын қамту жоспарланған. Су тасқынына ұшыраған отбасылардан 404 оқушы барлығы да жазғы демалыспен қамтылуда.

Биыл жазда өңірде мектеп жанындағы және қала сыртындағы 618 лагерь жұмыс істейді. Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоры қаражаты есебінен 800-дей оқушы туристік-сауықтыру демалыс орындарына жолдама алыпты. 

Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Е. Меңдіғалиев