АҚШ-та отандасымыздың кітабына сұраныс жоғары
АҚШ-та тұратын отандасымыз бизнеске арналған кешенді оқу құралын жазып шықты.
Жерлесіміздің бұл шығармасына қарапайым оқырмандардан бөлек алпауыт компаниялар қызығушылық танытып жатыр.
Әлемге белгілі кәсіпкерлердің тәжірибесіне сүйеніп, жасанды интеллекттің көмегімен жазылған оқулық қалай табысқа жету жолын үйретеді.
Amazon-ға сатылымға шыққан Анар Өмірзақтың бизнес оқу құралы кез келген кәсіпкер үшін жол сілтейтін бағдар іспеттес. Себебі, бұған дейін де стартаптарға серпін берумен айналысып келген отандасымыз сегіз жыл бойы саланың қыр-сырын жан-жақты зерттеген. Нәтижесінде жасанды интеллекттің көмегімен жиырма мың тақырыпты қамтитын кітап жазып шықты.
Анар Өмірзақ, кәсіпкер:
- Кітаптың шығарылуы ол үлкен зерттеу жұмысының қортындысы болды. Ең біріншіден, біз барлық он мыңнан астам сағаттық видеоконтентті бір мәліметтік базаға ендіріп, соның векторларын қортындылап, нәтижелерін қарап шықтық. Ол ең біріншіден адамның қолынан келмейтін дүние. Кәсіпкер деген ең біріншіден адам, оның психологиясы бар және де ол өте көп бизнеске әсер етеді. Біз осы зерттеудің қортындысынан көріп тұрамыз.
Жас кәсіпкерлерден бастап, алпауыт компанияларға дейін бизнес тренингтер өткізіп жүрген Анар алдағы уақытта жобасын жандандыруға ниетті. Оның іскерлікті арттырып, кәсіпкерлердің уақытын үнемдеуге бағытталған кітабы қазірдің өзінде үлкен сұранысқа ие.
Анар Өмірзақ, кәсіпкер:
- Кітап тек қана осы 1-ші маусымнан бастап сатыла бастады. Бұл кітаптың болашағы зор деп ойлаймын. Осыдан кейін басқа адамдарға да жасанды интеллектті қолданып, қалай кітап шығаруға, проект жасауға және де бизнестегі ресурстарыңызды көбейтуге арналған проекттерді жасаймын деген жоспарларым бар.
Оқырман үшін барынша қарапайым әрі түсінікті тілмен жазылған жинаққа алып бірлестіктер де қызығушылық білдіруде. Сала өкілдері оқулық бизнесте өз ісін бастап, мол табысқа жетуді мақсат еткен жандарға өте құнды шығарма деп бағалап отыр.
Чад Мортон, жылжымайтын мүлік агенттігінің басшысы:
- Өз бизнесіңізді дамытып, кірісіңізді көбейткіңіз келсе немесе бизнесте дұрыс қадам жасап жатқаныңызға көз жеткізбек болсаңыз бұл таптырмас құрал, керемет ресурс. Әсіресе кәсібін қалай бастап, дамытуды білмей жүрген адамдар үшін өте құнды дүние дер едім.
Қазір Анардың авторлығымен жарық көрген кітаптың негізінде компанияларда бизнес тренингтер ұйымдастырылуда. Осылайша кәсіпкерліктің түрлі кезеңін жан жақты талдаған кітаптың күн өткен сайын аудиториясы кеңейіп, бизнес әлеміне аяқ басқан азаматтар үшін таптырмас әдістемелік құралға айналып отыр.
Авторы: Айжан Сыдықова