Жұмысшы мамандығы. Грант көп, талапкер жоқ
Колледждердегі техникалық мамандықтарға бөлінетін грант саны 145 мыңға жетті.
Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 10 мыңға көп. Нақты айтқанда, геология, машина құрастыру, энергетика, ІТ, металлургия және көлік-логистика салалары бойынша грант көбейді.
Сонымен қатар биыл үшінші жыл қатарынан колледждер жұмыс берушілердің тапсырысымен маман даярлайды. Соның арқасында нарықта сұранысқа ие мамандықтарға 10 мың студент оқытылады. Бұдан бөлек, биылдан бастап квота тізімі кеңейді. Бұл жерде мүгедектігі бар және әскери борышын өтеп келген азаматтарға жеңілдіктер қарастырылған.
Колледжге түсу үшін 9-сынып түлектері 18 тамызға дейін, 11-сынып түлектері 20 тамызға дейін құжат тапсыра алады.
Ақмарал Хон, Астана қаласы білім басқармасының бөлім басшысы:
- Талапкерлер тек бір колледжге барып құжат тапсырады. Бірақ құжат тапсырғанда тағы үш колледжді, үш мамандықты көрсетуіне болады. Мамандықтардың бір салада болуы міндеттелмейді. Яғни әртүрлі саладағы мамандыққа тапсыра алады. Бұл түлектердің мемлекеттік грантқа қол жеткізу мүмкіндігін ұлғайтады.
Биыл Астанадағы колледждердегі грант саны көбейді. Былтыр 8 мың 500 грант болса, биыл 12 мың грант бөлінді. Дегенмен жыл санап бала саны да өсіп келеді. Биыл 19 мыңнан астам бала 9 сыныпты тәмамдады. Сонымен қатар сырттан келетіндер де көп. Мамандар кейбір мамандықтарға сұраныс жоғары болғандықтан бәсеке де жоғары болатынын айтып отыр. Бұл қатарда туризм, қонақүй бизнесі, аспаз, кондитер сынды мамандықтарды атап өтуге болады. Керісінше кейбір мамандықтардың грантын оңай иеленуге болады.
Ақмарал Хон, Астана қаласы білім басқармасының бөлім басшысы:
- Өкінішке қарай, жұмысшы мамандықтарға сұраныс аз болып тұр. Мәселен, құрылысшы, кран машинисі, машина жасау саласы, яғни қол еңбегі қажет мамандықтарға жастар тарапынан қызығушылық төмен. Ол мамандықтар бойынша бәсеке де төмен. Яғни бұл мамандықтарды таңдаған жастардың грантқа оқуға түсу мүмкіндігі зор.