Қазақстанда оқып, шетелдік диплом алуға болады
Талапкерлер елде оқып та, шетелдік диплом ала алады. Қазақстанда биыл 8 шетелдік жоғары оқу орнының филиалы ашылады.
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі мәлімдеді.
Саясат Нұрбектің сөзінше, жуырда Астанада британдық Coventry университетінің, Түркістанда корейлік Вусонг университетінің кампусы ашылады. Бұл білім ордаларын тәмамдаған түлектер шетелдік диплом алғандықтан, болашақта аталған елдерде жұмыс істей алады.
Хериот-Уот 200 жылдық тарихы бар танымал университеттердің бірі. Ол Инженерия және IT мамандығы бойынша әлемдегі үздік жоғары оқу орындарының қатарына кіреді. Аталған университет Дубай мен Малайзияда оқу корпустарын ашып, халықаралық ынтымақтастық бағытына бет бұрған.
Былтыр алғаш рет Орталық Азия өңірінде яғни елімізде де ашылды. Бұл филиал Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында жүзеге асты. Қазір білім ордасында 300 студент оқып жатыр.
Көркемай Елеусіз, студент:
- Егер ағылшын тілінен базаңыз болған жағдайда, негізінде, оңай. Кейбір жаңа тақырыптар болады, ағылшын тілінде терминдер кей кезде қабылдау қиын болып жатады. Мұндай кезде білікті мұғалімдерімізден сұраймыз. Оқу аса қатты қиын деп айта алмаймын.
Иә, мұнда студенттер 3 білім бағдарламасы бойынша біліктіліктерін жетілдіруде. Олар компьютер инженериясы, электр энергетикасы және мұнай инженериясы мен энергоменеджменті. Сондай-ақ білім алушылар алдағы уақытта Heriot-Watt университетінің басқа да филиалдарында білімдерін жалғастыра алады.
Мұқағали Қаланбай, Heriot-watt Ақтөбе кампусының аға оқытушысы:
- Егер ағылшын тілін біліп келсе, ҰБТ-дан жақсы ұпай алып келсе, осында оқуға түсіп, білімін жалғастыра алады. Білім деңгейлеріне тәнтімін. Қазақстандағы жас балалардың білімі өте жоғары. Бұлардың болашағы жақсы, керемет деп айта аламын. Себебі осында түскен балалар екі диплом алып шығады. Олардың бірі – Хериоттың дипломы, екіншісі – Жұбановтың дипломы. Хериоттың дипломын алған балалар әлемдік деңгейдегі дипломмен бірдей болады.
Елдің барлық жоғары оқу орындарындағы қабылдау комиссиялары жұмыстарын бастады. Ақтөбедегі Жұбанов университетінің базасында орналасқан Хериот уот кампусы да талапкерлерге есігін ашты. Былтыр алғашқы түлектерін қабылдаған оқу орнына биыл қызығушылық өте жоғары. Елдің шалғай жатқан өңірлерінен бөлек Ресейдің де түлектері мойын бұруда.
Лаура Қарабасова, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университетінің ректоры:
- Бірінші күні ғана ең алғашқы біздің халықаралық шетелдік студентіміз келіп, өз құжатын тапсырды. Бір ерекшелігі ол көршілес Ресейдің азаматы. Оқу үлгеріміне қарасақ, сертификаттарындағы пәндік бағалары өте жоғары. Ағылшын тілінің білу деңгейі 7,5 деген бағаны көрсетіп отыр. Бұл – ақылы оқуға құжат тапсырған алғашқы талапкеріміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы елімізде үздік шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды тапсырған болатын. Қазірге дейін 14 бөлімше ашылды. Енді тағы 8 шетелдік жоғары оқу орындарының филиалы ашылады. Яғни М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті базасында Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті базасында түркиялық Гази университетінің, Астана Халықаралық университеті базасында Бейжің тілдер және мәдениет университетінің және Нархоз университеті жанынан ирландиялық Квинс университетінің филиалы ашылады. Сондай-ақ Оңтүстік Кореяялық КАИСТ және Вусонг университеттерімен де келіссөз жүргізіліп жатыр.
Әлішер Әли, 24.KZ