Астана және Ыстамбұл медициналық университеттері меморандумға қол қойды
Түркияның білікті дәрігерлері отандық мамандарға онкологиялық ауруларды емдеудегі тың әдіс-тәсілдерді үйретеді, деп хабарлайды 24kz.
Екі күнге жалғасатын симпозиум барысында Ыстамбұл Медипол университетінің сарапшылары иммунотерапия, сәулелік терапия саласындағы озық жетістіктерімен, сондай-ақ хирургиялық және нейрохирургиялық емдеудегі соңғы технологиялармен бөліседі. Ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасады. Бүгін Астана медицина университетімен екіжақты меморандумға отырды. Келісім аясында отандық жоғарғы оқу орнының оқытушылары мен студенттері Анадолы жеріне барып, біліктілігін шыңдайтын болады. Әрі біздің науқастардың да сонда ем қабылдауына мүмкіндік бар.
Меруерт Газалиева, «Астана медицина университеті» КЕАҚ проректоры:
- Астана медицина университеті мен Стамбул Медипол университеті арасында қол қойылған меморандум аясында бірқатар іс-шара өткізіледі. Олардың басым бөлігі онкологиялық ауруларды емдеудің мультидисциплинарлық әдісіне арналған. Түркиядан келген халықаралық сарапшылар біздің дәрігерлермен тәжірибе алмасады.
Джем Гезен, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
- Мен Медипол университеті клиникасының жетекшісімін. Хирургиялық емдеудегі жаңа әдіс-тәсілдерді сіздермен бөлісу үшін арнайы келдік. Біздің клиниканың қатерлі ісікті емдеуде ғана емес, барлық салада тәжірибесі мол.