Жезқазғанда ғылыми-технологиялық хакатон өтті

Өндіріс процесін жасанды интеллект арқылы бақылауға болады.

Бұл қауіпсіз және жұмысшылардың уақытын үнемдейді. Жезқазғанда өткен ғылыми-технологиялық хакатонда жас ғалымдар осындай ұсыныс айтты. «Металлургиялық кәсіпорындарды ғылыми-технологиялық дамыту» тақырыбымен өткен шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырды. Онда ғалымдар өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу, қоршаған ортаны қорғау, өндірісті цифрландыру секілді бірнеше бағытта инновациялық жобаларын ұсынды.

Өндіріс орындарына шикізат келіп түскенде оның ішінде темір, ағаш секілді артық заттар да кездеседі. Ол заттар өндірістегі автоматты механизмге зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан барлық жұмыс тоқтап, шикізат құрамындағы артық заттар қолмен тазаланады. Жас ғалым Бейбіт Әбдікенов болашақта бұл міндетті жасанды интеллект көмегімен атқаруға болады дейді. Әріптестерімен бірге жобаны жартылай жасап та қойған. 

Бейбіт Әбдікенов, Аstana IT Университеті профессорының ассистенті:

- Бізге қойылып отырған тақырып соны шешу. Оны біз жасанды интеллектті қолдана отырып айыра аламыз да. Не ағаш екенін, не темір екенін. Робот манипуляторды қолданып конвейерлік лентаны тоқтатпай керек емес заттарды алып отырамыз. Ол нені шешеді? Біріншіден, конвейер лентасы тоқтап қалған кезде оны жөндеу үшін. Екіншіден, тоқтаған күнгі уақыт кетед. Екі мәселе бұл жұмысымыздың тиімділігін көрсетеді. 

Еліміздегі жетекші университеттер мен ғылыми ұйымдардың ғалымдары осындай бірнеше әзірлеме ұсынды. Олар металлургия мен химиядан бастап, цифрландыру мен экологияға дейінгі көптеген салаларды қамтиды.  

Ринат Елшібеков, ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің басқарма басшысы:

- Өндіріс инженерлеріне мысалы не керек, геология саласындағы, экология саласындағы проблемаларды айтады. Соны жоғарғы оқу орындарының және ғылыми ұйымдардың ғалымдары өздерінің шешімдерін ұсынатын болады. Одан кейін ұсыныстарды инженерлер қарап соңында бірігіп, кем дегенде 6 ғылыми-техникалық тапсырма құрылатын болады. 

Жас ғалымдар ойлап тапқан жаңалықтарды Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландырады. Отандық өндірістік компаниялар да қолдауға дайын. 

Сәкен Шаяхметов, өндірістік компанияның тұрақты даму жөніндегі директоры:

- Осы жерде ұсынылған ең қажетті деген 5-6 жоба іріктеліп ғылыми ортада қайта сараптаудан өтеді. Өндіріс процесіне тиімді деп танылған жобаларды осы жылдың соңында немесе келер жылы жүзеге асыра бастаймыз.

Ғылыми хакатонды ұйымдастырудағы мақсат – отандық жас ғалымдардың еңбегін бизнеске тарту және өндіріске енгізу. Жалпы Ғылым және жоғары білім министрлігі осыған дейін 2 мыңға тарта жобаға грант бөліп, 161 ғылыми-техникалық бағдарламаны іске асырған. Өткен жылдан бастап ғылыми инфрақұрылымды қалыптастыру үшін мемлекет тарапынан қаржы бөліне бастады. 2029 жылға дейін еліміздегі жоғары оқу орындары жанынан 7 ғылыми-технологиялық парк ашу жоспарда.

Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов